Жаңалықтар

ӘКЕМДІ ЖҰТЫП ТУЫППЫН

(Эссе)

Күзетке сергек болу үшін сыртқа салынған төсек мүлде жылусыз. Әбілда дөңбекшіп «нәлеті» деумен болды.Біраздан соң жас балаға ұқсап томпиып жатқан Раузасына  мейірлене, бір аяныш сезіммен қарады. Өрімдей кезінен қауға тартқызып қойды. 

Бөпе бітпей жүргені сол ауыр бейнеттен бе екен..? Көрпесін сәл тартып бетін ай сәулесінен қалқалады.  Нәлеті! Қулығын қара… Бір басты кем шығармақ. Қайта-қайта санауын… Біржола қылқындырып тастай жаздады. Қадиша есіктен сығалап тұрмағанда… Қарындасты айтпа. Қозғалмады-ау айналайын. Әйтпегенде… Етке мал айдайсың деген соң, бағып отырған қозысын қойшысына өткізіп кетпек болған. Сондағысы, бір қозыны ағылып жатқан мәшинеге салып жібермек.

Түн салқыны ызғар тарта бастағандай. Ат үстінде жүргені болмаса, мына есінен танып жатқан Раузасына қарағанда тың. Күз түсе ит-құстың құтырып кететіні бар. Таңға жақын талып ұйқыға кетер алдында, қотанды бір айналып келуге Раузасын оятады.

Екі қарғасы үйде ұйықтап жатыр. Бергені қой сауғызуға жарап қалған. Игені Алла қаласа биыл мектепке барады. Осы екеуін ермек етсін деп ойлайды ғой әке-шешесі. Ойлап жатса Рауза екеуі түтін түтеткелі де бірталай болып қалыпты.

Көкесі текті жердің қызы деп, Шәбденнің бой жетіп отырған осы Раузасын алып берді.

Соғыстан келген соң сиыр, одан жылқышы, ең ақыры осы қойшы таяғы бұйырды. Оған да тәубә. «Пленде болған» деген қүйрыққа байланған шаладан осы қойшылыққа шыққан соң құтылды.

Шәбден мерт болған соң, оның әйелі Әлиманды әмеңгерлік жолымен Шәбденнің немере інісі Сейілбек алды. Көкесінің, жалғыз Көкесі емес бүкіл елдің айтысына қарағанда ағайынды Дінмұхаммед және Байсейт Әділов, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Шәбден Ералиев ел қамын ойлаған біртуар тұлғалар.

Тоқпақтай қос бұрымын түйіп алып, таңның атысы, күннің батысы еркекке бергісіз қайрат көрсетіп жүр. Қайнаған ыстықта қосақтап қой сауу, май салығын өткізу діңкелетпей қойсын ба? Қауғаны көз ілестірмей, астау басындағы Бергенді састыратынына мақтанатынын қайтерсің.

Раузасын аяй қараған Әбілда, ұйықтамас үшін қозыда жүргенде айтатын «Бозторғайын» ақырын ыңылдамақ болғанмен, даусының шығып кеткенін аңғармай қалды.

– Бозторғай шырылдайсың жерге түспей. Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей. Ат қылып ақ таяқты қолға ұстап, Сандалып қой артында азар кештей.

Әбілданың қарлығыңқы үні мұңды естілгені сондай, Рауза оның қолтығына кіріп алды.

– Қойшылар қой баққанда кеш батпайды. Отырсам қой күзетіп таң атпайды…

– Әбілда-ау, өзің шығардың ба?

– Иә.

– Шыныңды айтшы?

– Жәрайд. Ұйықта. Мен сияқты бір бейбақ шығарған ғой.

Мама деген атты Шәбденнің әулеті, тіпті Шәбденді білетіндердің бәрі Әлиманға ғана қолданады. Мамаға соғым сойып бермек болғаны… Олда бір қызық күндер екен ғой…

Тамақтан орып жіберген сиырының аяғы шешіліп кетіп, ата жөнелмесі бар ма. Тәлтіректеп бара жатқан сиырды мүйізден алып бұрап соққан. Жалма-жан күрелеп жіберейін десе, пышағы бауыздаған жерде қалған-ды. Сөйткенше, Мама,қолында балта: «Шап!» – деп балтаны ұсынғаны есінде. Балтаға қол созуға сиыр мұрша бермейтінін аңғарды ма:

«Басыңды тарт!» — деп құлаштап шауып жіберсін. Мама балтамен ертеден жолдас екенін қуырдақ үстінде айтқан-ды. Ақмолада деген сияқты. Жалғыз сиырын әкетіп бара жатқан ұрыны балтамен қуып, айырып алса керек.

Мама бірде көл, бірде шөл, бір ғажап жан. Кең маңдайға керіле біткен қас астындағы шатақ тілеп тұратын уытты көзі өңменіңнен өткенде не істерді білмей қаларың хақ. Соны

сезе ме, шай үстінде де езуінен түспейтін беломорының күлін күлсалғышқа шертіп тастап:

«Қурап қалған қу мінезім, Шәбденді маңдайға сыйдырмаған. Астамшылықпен бақты басқа тептім. Шәбденге не көрсетпедім?» — деп сәл толқығанын білдіргісі келмеген жандай, тіпті қатуланып алатын. Сөйтетін де: «Кеңесті жылаттың деп, дүйім жұрттың ортасында аппақ көйлекпен отырған Шәбденді қамшымен тартып жібердім емес пе?

«Мына ақымақ сөйтеді, енді» — дегеннен басқа тіл қатпады-ау сабаз. Менің кесір мінезім Шәбденді алып кеткен» — деп әлгі шатынаған көзге жас іркілгенін байқамай қалатын. Раузасының қайратты екені рас. Мамаға тартса… Әбілда алаңсыз ұйқыда жатқан Раузасына қарап, сәл жымиды. Сапалақтың ұшындағы ала жіпті жылан екен деп жүрегі жарыла жаздаған адамнан не сұрауға болады… Күзеттегі серігі Берген. Сапалақ сабын кеудеге тіреп қалғимын деп омақаса құлай берген соң Ортаншысының(Бергеннің) ақылы-

мен сапалақтың сабын иығына асып алмай ма? Ай жарығымен түсіп тұрған көлеңкесіне сескене көз тастаған ол, сәл қозғала бергенде, арт жағында бір қарашұбар жыланның ирелең ете түскенін байқап қалады. Сәл жүрсе, ол да ирең етіп ілеспей ме? Сол-ақ екен

Рекең құйындата жөнеледі, артынан жылан қалмай қуып береді. Жеңгесі зымырап өте

шыққанына қайран қалған Берген Раузаны әрең қуып жетіп, құшақтай құлайды. Дір-дір

еткен Рауза «ана», «ана» деп ала жіпті көрсетіпті. «Мамадай айбатты болу қайда саған» —

деп көрпесін тағы бір қымтап қойды.

Бір күні қозыдан келсе, жалғыз шибарқыт көйлегін сөккен. Ақыры екі құлыншаққа төсқалтасы бар көйлек тігіп берді.

Тинемдей Игенін ұйықтату үшін жанына жатып, арқасын қаситыны бар. Қасығанда, жарық-жарық алақанымен сипайды. Ботасы соны ұнатады. Бір жолы көзі ұйқыға шырмалған ол: «Рауза тәтем мен жылағанда мені құшақтап алып, мен де папамды жұтып тудым деп бірге жылады» дегені.

– Сен неге жыладың? – дедім.

– Апамды сағындым. Апам осы жаққа кетті деп жыладым.

– Апаңды сағынсаң, Қарағандыға Көпбай, Бөлекбай деген кісілерге қосып жіберемін. Апаңа солар алып барады.

– Олар мені басқа жаққа әкетпей ме?

– Жоқ. Олар қымыз ауылды тексеруге барады. Апаң да, Көкең де сол қымыз ауылда.

– Сәмен тәтем ше?

– Сәмен де сол қымыз ауылда. Ал Рауза тәтеңнің олай дейтіні мамасы оны туғанда әкесі Шәбденнің қайтыс болғанын естіпті. Сол ғой сенімен бірге жылап жүргені. Ол да папасын сағынған шығар?

– Неге жұттым дейді?

– Мен туысымен өлді дегені. Болды, ұйықта. Рауза тәтеңе көмектес. Сонда ол папасын көп ойлай бермейді.

– Мен апамды ойлай берем.

– Ұйықта құлыншағым! Ертең-ақ апаңа жетіп барасың.

Осылай деп Игенін ұйықтатқаны, Раузасының папасын іздегені бір сәт елес беріп өтті.

Ұйқысы шайдай ашылып кеткен Әбілда, ептеп тұрып, «Айт! Айт!» — деп бірнеше мәрте қайталаған бойда қотанды айналып шықты да, Раузасының жанына қисайды. Сәлден соң аунап: «Тинемдейіңнен әкеңді жұтып туғансың деген сөз жүрегіңе шемен боп қатып қалған-ау» — деп шашынан иіскеді.

ШОҚ ЖҰЛДЫЗ

Бодандықта тулаған қайсар халық,

Бостандыққа жеттің бе қажып-талып.

Ес жиып, еңсе тіктеп жатырмысың,

Мерт болған боздағыңды есіңе алып.

Жақсы күнді аңсаған есіл ерім,

Шемен боп іште жатыр сенің шерің.

Тәңірден тілейтінім бірақ нәрсе,

Күңірентпе ей Алла, жатқан жерін.

Тектіден текті туар елді ойлаған.

Ыдырасаң ағызар селді ойлаған.

Алтыбақан болмауды аманаттап,

Боздақтар кетті-ау деген

Келді ой маған.

Шәбдендер ар жолынан шегінбеді.

Елі үшін жан тапсыру тегін бе еді?

Бүгінгі ұрпағыма жол бастап тұр,

Шоқжұлдыз Сарыарқаның көгіндегі.

Иген Хасенұлы

Алматы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button