ДәстүрРуханият

Келін неге дұшпан, ене неге мыстан?

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі                                                                    

Ене мен келін арасындағы қарама-қайшылық ащы болса да, бүгінгі қазақ қоғамында бар құбылыс.

Қазақтың классик жазушысы Мұқтар Əуезов «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесігімізді қалай түзейміз? Бізде өзі қазір сол бесік бар ма? Ұлы жазушымыз «Ұлт болам десең бесігіңді түзе» дегенде, ұрпақ тəрбиесін меңзеп отырғанын бəріміз жақсы біліп отырсақ керек. Біз де «бесік бар ма» дегенде де сол ұрпақ тəрбиесі тұрғысында сөз саптап отырмыз.

Ал, сол бесікті таянып тербетіп түзететін кім? Əлбетте – ана. Ал, сол болашақ ананы тәрбиелейтін кім? Әлбетте, ол ене болмақ. Қазақ келінге баға бергенде «Қайын ененің топырағынан» деп те бекерден бекер айтпаса керек!

Қазақ қыз баланың құлағына «жат жұрттық» екенін ерте бастан құйған. «Барған жеріңе тастай бат, судай сің», «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деп санасына ерте бастан сіңіріп тастаған. Қыздың қайтып келуі ата-ана үшін сүйектен кетпес масқара таңба есепте болған. Қыз бала соған сəйкес ата-анасының абыройын ойлаған. Барған жеріне жағып, сол əулетпен біте қайнасып, сіңісіп кетуге тырысқан.

Ол уақытта келінді тəрбиелейтін енелер мектебі бар еді. Жаңа түскен келіннің іс-қимылы, жүріс-тұрысы, əдеп-ибасы сол ененің қатал тезінен өтетін. Келін үлкендерге иіліп сəлем салып, жолын кесіп өтпеген. Атасының, қайнағасының, тіптен қайнысы мен қайынсіңлісінің есімдерін атамаған. Бұл да біздің ұлттық тәрбиеміздің бір ерекшелігі. Ешбір ене келінім жаман болсын демейді. Сол секілді ешбір ана қызына теріс тəрбие бермейді. Сондықтан қазақ атам «Анасына қарап қызын алған». Қазақ халқында ана мен ене мектебінің мақсат-мұраты бір арнада тоғысып отырған. Ол мақсат, ол мұрат екі жақтың абыройы. Бұл дəстүр ғасырлардан ғасырларға жалғасып күні кешеге дейін жетті.

Осы тұста оқырманның көкейінде «Күні кешеміз қай меже?» деген заңды сұрақтың туындауы кәдік. Ол əйел мен еркектің құқығы теңестірілген Кеңес дəуірі. Алайда, кеңес кезінің өзінде бертінге дейін келіндер ене мектебін көрді. Бертінге дейін үлкендерге сəлем салды, бастарына орамал тақты. Оңтүстік өңірде бұл үрдіс күні бүгінге дейін сақталған.

Жасыратыны жоқ, Батыс мәдениетіне бет бұрып, өзімізше қазақы əдет-ғұрыпты жабайы, ескіліктің сарқыншағы санадық. Қызымызға «Ата-енеңнің қас-қабағын бақ. Ол сенің сүйіп қосылған жарыңның біз секілді əкесі мен шешесі. Сыйлап, құрмет көрсет» деудің орнына «Басындырма, басыңа шығарма. Күңдікке бара жатқан жоқсың. Ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды» деп ата-енесі мен жарына қарсы қайрап саламыз. Керісінше келіндерімізді «отырса опақ, тұрса сопақ» деп күн бермейміз. Сосын отыра қалып, «Келін неге дұшпан, ене неге мыстан?» деп аң-таң боламыз.

Егер кешегі ата-баба жолын ұстанып, ақ босаға аттаған келіннің ертеңгі əулеттің бір буын ұрпағын өргізетін ана болатынын ойласақ дұшпан келін де болмас па еді?! Егер де қызымызға «Ендігі сенің өсетін-өнетін жерің сол шаңырақ. Енді сен бір əулеттің болашақ анасысың. Сол əулеттің абыройын ойла, сол əулеттің абыройын қорға» деп кеңес берсек, қыздарымыздың бойында басқаша көзқарас қалыптасар ма еді? Келін асты-үстіне түсіп, қас-қабағын бақса «Мыстан ене» де болмас па еді? Барлық келін мен енеге топырақ шашудан аулақпыз. Ынтымағы мен сыйластығы жарасқан ене мен келін құдайға шүкір ортамызда əлі де жетерлік. Десе де қазіргі қазақ қоғамында бүгінгі біздің тақырыбымызға тұздық етіп отырған мəселенің бары ғақиқат.

Ел боламыз, жұрт боламыз десек бастауымызға оралып, енелер мектебін жаңғыртып, ибалы да иманды қыз тəрбиелейік. Ибалы да иманды қыздан бесігімізді түзейтін келін шығарына біз кәміл сенеміз.

Басқа материалдар

Back to top button