Келешектің кілті – тіл білуде
Елбасының мемлекеттік деңгейдегі аса ірі жаңғыруларды өзек еткен жаңа Жолдауы ел келешегін ойлаған көптің көңілінен шықты. Өзіміз бел ортасында жүрген соң, жасыратыны жоқ, бізді алдымен қызықтыратыны білім беру саласының жаңалықтары мен тілдерді дамыту мәселесі екені белгілі. Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бұл мәселеге, әсіресе, адам капиталын жақсартуға арналған төртінші басымдықт+а нақты тоқталған.
«Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» дейді Елбасы.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 2008 жылдан бері Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Тілдердің үштұғырлығы орталығы жұмыс істейді. Университеттегі бес мамандық бойынша 14 оқу тобында сабақтар қатарынан үш тілде – қазақ, орыс, ағылшынша жүргізіледі.
Техникалық жоғары оқу орны болғандықтан, Президенттің осы Жолдауда: «IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет», – деген тапсырмасы да біздің алдағы уақыттағы бағыттарымызды айқындай түспек.
Қазір жоғары білім беру жүйесінде мамандар даярлау сапасына ден қойылып отыр. Осы орайда оқу орындарының кадрлық құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталуына талаптың күшейтілген. Осыған орай жоғары оқу орындарының кәсіби құрамына, жабдықталу деңгейіне, білім бағдарламаларына бақылау әбден орынды болып отыр. Еліміздің қай саласы болсын жоғары білікті мамандармен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыруы керек. Жаһандық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарттарының бірі де осы.
Нұрлыбек ӘУБӘКІРОВ,
ҚарМТУ Ш.Құдайбердіұлы
атындағы Тілдердің
үштұғырлығы орталығының
директоры, филология
ғылымдарының кандидаты.