«Келешек мектептері» жобасы аясында 52 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне «Самұрық-Қазына» қоры өңір әкімдіктерімен бірлесіп, желтоқсан айына дейін қалған 52 Келешек мектептерінің құрылысын аяқтауды тапсырды.

Олжас Бектенов қазан айына дейін Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамалық тәсілдер мен Жол картасын қабылдау қажеттігін атап өтті.
– Олар нормативтік құқықтық базаны, оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді, педагогтерді даярлау мен қайта даярлауды, ақпараттық қауіпсіздікті әзірлеу жөніндегі шараларды қамтуы керек. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, “Ауыл мектебі – сапа алаңы” шағын жинақты мектеп моделін кезең-кезеңмен енгізуді жалғастыру қажет. Оларды жоғары жылдамдықты интернетпен, цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ педагогтерді тиісті дағдыларға дайындау жөнінде нақты шаралар көзделуге тиіс. Әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде, соның ішінде жеке инвестицияларды тарта отырып, «Sana» жаңа буын орталығының тұжырымдамасы мен тәсілдерін кең ауқымда қолдану қажет, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне екі ай мерзімде білім алушыларға үздіксіз көп деңгейлі экологиялық білім берудің тұжырымдамалық негіздерін бекітуді, сондай-ақ цифрлық даму министрлігі Ғылым министрлігіне инновациялық саясат жөніндегі функцияларды беру мәселелерін қамтамасыз етуін тапсырды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі