«КЕЛЕШЕК» лагері — кемелдену жолы

Ел ертеңінің кепілі – бүгінгі жас буын өкілдері. Сондықтан да, Жастар жылы – жасампаздық үрдістерімен үндес бітімдегі жарқын істер кезеңі. Жуырда Теміртау қаласындағы «Космонавт» демалыс орнында «Келешек» кәсіподақ жастар лагерінің салтанатты жағдайда ашылуы – осы тұжырымның бір айғағы.

Облыс жастарының әлеуметтікэкономикалық тұрғыдағы көкейкесті мәселелерін талқыға салатын алаңы болуын мұрат тұтып, оның құрылуына ынталылық танытқан тараптар – «Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесі, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Жас Орда» студенттер кәсіподағы.

Жастар лагерінің салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіт, «Тау-кен металлургия кәсіпорындары және аралас өнеркәсіптердің салалық «КәсіпҚорған» кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жанат Сәменов, білім және ғылым қызметкерлері Теміртау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Маргарита Бикмухаметова және басқалары жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жас буын өкілдеріне сәттілік тіледі.

Сол күні «Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесінің ұйытқы болуы және Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті «Жас Орда» студенттер кәсіподағының қолдау көрсетуі негізінде жылжымалы лагерь жұмысы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясын жаңғырту бағытындағы 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру аясында іске асырылғанын айта кеткен абзал. Оның басты межесі – жұмысшы және студент жастарды жаңғыру жаңалықтарын жылдам қабылдауға қалыптастыру, тың мазмұндағы білім мен заманауи технологияларды меңгеруге бейімдеу.

– Жылжымалы лагерь жұмысына 100-ден аса жас буын өкілдері қатысқанын атап өткен жөн. Жас мамандар мен студенттер екі күн бойы түрлі семинар-тренингтерде өз машықтарын жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды. Тренингтер «Медиацияға кіріспе. Еңбек дауларын шешу әдістері», «Customer Development ntvf», «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскердің құқығы», «Цифрлық Қазақстан» тақырыптары бойынша ұйымдастырылды.

Ұжымдық үндестік пен ауызбірлікті нығайту мақсатында спорттық-сауықтыру ойындары өткізіліп, оған қатысушылар топ-тобымен сайысты.

Кәсіподақ және еңбек заңнамалары тақырыбы шеңберінде ұйымдастырылған танымдық мазмұндағы ойындар да жастардың құлшынысын оятуға дәнекерлік етті. Кешенді бағдарлама соңында оған қатысушылар тәжірибелік жұмыстар жасап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды талқыға салды.

Екі күннің қорытындысымен 8 топтың ішінен жеңімпаз атағына «Болашақ» тобы ие болды. Жеңімпаз және жүлдегер топтардың мүшелеріне Қарағандыдағы «Сарыарқа» кинотеатрына кіру билеттері, алдағы ақпан айында Қарағанды қаласында өтетін әнші Нұржан Керменбаевтың концертін тегін тамашалау құқын беретін құжаттар табыс етілді, – дейді Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»