Келешегін ойлаған елдің ертеңі бар
Елбасымыз барша қазақстандықтың алдына береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуді басты мақсат етіп қойып отыр. Қазіргі кездегі маңызды белестің алдында тұрғанымызды атап өтіп, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын жария етті.
Биліктің барлық буыны Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Оның ішінде халық қалаулылары да бар, әрине.
Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы бүгінде қызу жұмыс үстінде. Депутаттық топтар жан-жаққа шығып, адами капиталдың сапасы шыңдалып жатқан мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелерде болып, нақты жағдайды өз көздерімен көруде.
Осындай мақсатпен облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров жұмыс тобымен Ұлытау өңірінде болды. Осы топта болған облыстық мәслихаттың депутаты Еркін Жұмабеков осының алдында ғана Балқаш қаласында болғандығын айтты.
Облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында нақ осы мәселе қаралмақшы екен. Осынау жұмыс тобының Ұлытау сапарында алғашқы қадамдарын жергілікті балабақшалар мен мектептерден бастауын түсінуге болар.
Ауданда «Балапан» бағдарламасы жұмыс істеп тұр екен. Алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жолға қойылған. Ауданда 5 балабақша, 14 шағын орталық жұмыс істейді екен. Жалпы, аудандағы бір жас пен алты жасқа дейінгі бала саны 1093 болса, соның 606-сы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мұны сапалық көрсеткіш ретінде қабылдауға әбден болады. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан.
2015 жылы Жезді кентіндегі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында осындағы қонақ үй ғимараты қайта күрделі жөндеуден өткізілген. Депутаттар тобы мұнда да болып, балабақшаны өз көздерімен көріп, оң бағаларын берді. Аталмыш балабақшаны абаттандыруға жергілікті бюджеттен 23 млн. теңге бөлініпті. Мұнан тыс жиһазбен қамтамасыз ету үшін тағы да қосымша 11 млн. теңге бөлінген.
Аудан орталығындағы «Өркен» балабақшасының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 14 млн. теңге бөлінген. Ал №1 мектепте санитарлық-гигиеналық бөлме салуға қомақты қаржы босатылған.
Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы Талғат Сейітжанов балалар мекемелерінің жіті назарда екендігін айтады. Хатшының айтуынша биыл кеншілер кентінде тағы бір отыз бөбекке арналған бөбекжай ашылмақшы екен.
Балабақшаларға үш тілділік енгізілген. Орысы да, қазағы да сайрап тұр. Тіліне қарап ұлтын айыру мүмкін болмай қалған.
Қажетті кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Олардың біліктілігін көтеру бойынша жұмыстар жүруде.
Түпкі нәтиже, әрине, кадрлар біліктілігіне байланысты. Мұндағы жағдайды ҰБТ қорытындысы бойынша көруге болады. Өткен жылы ҰБТ бойынша орташа балл көрсеткіші 69,6 (қазақ сыныбы), жалпы балл саны 5502. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда 3,8 балға, ал 2014 жылмен салыстырғанда 7,3 балға көтерілген.
Аудан мектептері түгелдей компьютермен қамтылған және барлығы кең жолақты интернетке қосылған. Мектептердегі компьютер саны – 667, оқушы саны – 1880. Бір оқушыға шаққандағы компьютер саны – 2,7. Компьютерлік базаны толықтыруға биыл да 27 млн.теңге қарастырылыпты. Мектептер физика, химия, биология, лингофонды мультимедиялық жаңа үлгідегі кабинеттермен қамтылған. Жаңа кабинеттермен қамтылу 57,3 пайызды құраған. Барлық мектеп бейнебақылау қондырғыларымен қамтамасыз етілген.
Маман кадрлар жеткілікті. Оқу жүйесіндегі 459 мұғалімнің 92-сі жоғары, 183-і бірінші санатты мамандар. 2009 жылы бастау алған «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы нақты жұмыс істеуде. Бастапқы жылдары үй алу үшін берілетін несие 740 мың теңгені құрса, бүгінде бұл сома 3 млн.184 мың теңгеге жеткен. Көтерме жәрдемақы төлеу сомасы да екі есе өскен.
2014 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін аталған бағдарлама бойынша 39 жас маман үй алып, жұмысқа орналасқан.
Депутаттық топтың жұмыс сапары аудан әкімі Хамит Омаровтың 2016 жылғы атқарған және 2017 жылы атқарылатын жұмыстары туралы қорытынды есебімен тұспа-тұс келген еді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен бұл шараға қатысқан Рысқали Қалиақпарұлы сөз сөйлеп, өңірдің дамуына Ұлытау ауданының да лепті үлес қосқанына нақтылы куә болып отырғандығын, аудан жұртшылығына ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тілеп, ортақ мақсат жолында алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Ал аудан жұртшылығы әкімнің жұмысына оң бағаларын берді. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтіндеріне сендірді.
Әкім есебін әркім өз есебіндей қабылдады. Өйткені, ортақ істе баршасының да үлесі бары сөзсіз.
Төрехан МАЙБАС