АймақҚарқаралы

Қарқаралы ауданында 20 медициналық нысанның құрылысы аяқталған

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз алаңында ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық саласының негізгі қорытындылары жарияланды. Брифинг барысында аудан басшылығы көшелі көрсеткіштерге, инвестициялық жобаларға, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымдық бастамаларға кеңінен тоқталды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аудан экономикасының негізгі бөлігін тау-кен өндірісі қалыптастырады. Өнеркәсіп өнімінің басым үлесін «Қазақмыс Корпорациясы», «Өркен-Кентөбе», «Алтай Полиметаллы», «Қамқор – Сарыарқа» секілді ірі кәсіпорындар беріп отыр. Жаңатоған ауылдық округінде «Gold Corp» ЖШС катодты мыс өндіру жобасын іске асырылуда. Сонымен қатар, жұмысы тоқтап тұрған «Алайғыр» кен орнын инвесторлар сатып алып, өндірісті қайта жандандыру жоспарланған.

Қазіргі таңда ауданда 3 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Бұл салада 4 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Ежелден самырсын-қарағайы мол таулы өлкенің маңызды бағыттарының бірі – туризм. Саят Қабиденұлының айтуынша, бүгінде ауданда 40 демалыс орны жұмыс істейді және олар бір мезетте 3 мыңға жуық адамды қабылдай алады. «Бұғылы» рекреациялық аймағының даму жобасы әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жандануда. Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында туристік-рекреациялық мақсаттағы жер учаскелері анықталып, жаңа жобалар жолға қойылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Қарқаралы-Қарағанды» бағытына қосымша автобус іске қосылып, күрежолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде ауданға келетін туристер саны артқан.

Ауыл шаруашылығы да аудан экономикасының басты бағыты болып қала бермек. Жалпы өндірілген өнім көлемі 68,0 млрд теңгені құраған. Өткен жылы 3,9 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде екі бордақылау алаңы, бір ет өңдеу цехы және бір суармалы егістік жобасы бар.

Биыл 2,8 млрд теңгеге тағы үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 6 кооператив пен 49 жеке кәсіпкер 527,5 млн теңге көлемінде несие алып, өз шаруашылығын дамытуда. Қалада 500 шаршы метрлік өндірістік кешен іске қосылған.
Мәдениет саласына тоқталатын болсақ, былтыр Бүркітті ауылы клубына күрделі жөндеу жүргізіліп, 13 мәдени нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарына 54,7 млн теңге бөлінген.

Құрылыс қарқыны да бәсеңдемеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарағайлы мен Көктас ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Нұркен ауылында да осындай нысанның құрылысы жүргізілуде. Бірнеше ауылда ветеринариялық станция мен зертхана, өрт сөндіру бөлімі ғимараты пайдалануға берілген. Қарағайлы кенті мен Қарқаралы қаласында кәріз жүйесінің құрылысы жалғасуда.
Қарқаралының әлеумет саласының да бәсі түспеген. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 710 адам тұр. 80 пәтер салынып, кезекте тұрған азаматтарға берілуде. Қарқаралы қаласында 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда.

«Ауыл медицинасын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы аяқталған. Ауданға 8 жаңа жедел жәрдем көлігі берілген. Білім беру ісі де ілгері. Қасым Аманжолов ауылында 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген.

Инженерлік инфрақұрылымда да игі­лік мол. Аудан халқын орта­лық­тандырыл­ған ауыз сумен қам­ту көрсеткіші 96 пайызды құрайды.

Автожол саласында республикалық жә­не аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл «Қарқаралы-Талды» және «Көктас-Тегісшілдік» бағыттарындағы жолдар­ды жөндеу жоспарланып отыр.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button