Ресми

Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты – Тоқаев

Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан, популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі. Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді.Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын.Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан, осы залды Мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.

Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады.

Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс.Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар.Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек. Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі.Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын.Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сонымен бірге, бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр.
Ел сенімі – ел аманаты.

Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ, елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше, Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық. Жұмыстарыңыз табысты болсын! Қазақстанымыз көркейе берсін!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button