Келелі жиын – келешек үлесі
Кеше Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жаңа Қазақстанды қалыптастыру бойынша тағдыркешті шешімдері» атты VI республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.
Жиынға облыс әкімі Н.Әбдібеков қатысып, аталмыш оқу орнында мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ашылған ірі және маңызды жоба – кен-металлургия кешені метандық энергетика зертханасының тұсауын кесті.
Аймақ басшысы өз сөзінде:
– Соңғы жылдары Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген мемлекеттік-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан ілкімді істер облысымызда едәуір қарқын алды. Бұл тарапта ҚарМТУ – елімізге техника және инженерия бағыты бойынша кәсіби мамандар дайындап отырған іргелі оқу орны. Бүгінгі ашылып отырған зертхана да аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған орасан істердің бір бөлшегі болмақ. Білім ордасының дәл осындай ғылыми-зерттеу кешендерін одан әрі дамытып, республикамыздағы бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудағы өзінің екі ғасыр бойы сақтап келе жатқан білім беру дәстүрін жалғастыра беретініне сеніміміз мол, – деді.
Сондай-ақ, конференцияға ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Б.Әйтімова, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары О.Әбдікәрімов және де бірқатар көрнекті қоғам қайраткерлері мен ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Конференция жұмысын 10 мыңнан астам адам, соның ішінде, онлайн режимде Қазақстан Республикасының 15 базалық жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Түстен кейін конференцияға қатысушылар көрнекті қоғам қайраткері, Санкт-Петербург Императорлық университеті заң факультетінің түлегі, қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, Алашорда үкіметінің мүшесі Жақып Ақбаевтың 140 жылдығына орай қаламыздың Алалыкин көшесінде орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Азаттықтың ақ жолы» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Мирас АСАН
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ