Жаңалықтар

Келелі ой, кесек пікір айтылған кеңес

«Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Mирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа қоғамдық кеңес төрағасы Бекзат Алтынбеков және кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, облыстық филиалдардың қызметкерлері, басқарма басшыларының орынбасарлары мен мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Кеңес төрағасы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы аясында аймақтың жол қартасының тоғыз айдағы орындалысы және алда атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндамалар оқылатынына тоқталды. Ал, шаралардың дені рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған. Атқарылған жұмыстар жайлы ақпаратты облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұржан Ілияш баяндап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, 200-ге тарта шара жоспарланған. Оның бесеуі – халықаралық, алтауы – республикалық деңгейде өткізілмек. Одан бөлек, облыс деңгейінде өткізілетін отыз ордалы іс-шара жоспары тағы бар. Оның басты мақсаты – оқиғаның мәні мен тиімділігіне баса назар аударумен қатар, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту. Нұржан Ағыбайұлының айтуынша, облыста айтулы күндердің ешқайсысы атаусыз қалмаған. Мысалы, тамыз айында облыстық «Сарыарқа» онлайн спартакиадасы өтсе, Конституция күнінде қала тұрғындарын құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында құттықтау хаттары мен мерекелік магниттер таратылған. Сондай-ақ, 23 тамызда облыстық сотта «Қазақстан Республикасындағы сот билігі. Қалыптасу және даму тарихы» тақырыбында ғылыми конференция өткен.

– 25 тамызда «Отыз жыл» жобалық кеңсесінің ұсынысымен облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстан. Жасампаздыққа толы жылдар. Қарағанды облысының бас жетістіктері», Семей полигонының жабылғанына 30 жылдығына орай суретші Кәріпбек Күйіков қатысқан «Ядролық қарусыз Қазақстан. Жасампаздық және бейбітшілік әлемі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – дейді Нұржан Ілияш.

Жалпы, атқарылған шаралар бұл ғана емес. Мысалы, қыркүйек айында облыс мектептерінде білім тақырыбына арналған түрлі шаралар өткен. Одан бөлек, Отбасы күні де атаусыз қалмаған. Ал, биылғы жылдың басты оқиғасы – Әлихан Бөкейхан есімінің Октябрь ауданына берілуі. Ұлттық санақ өткеннен кейін, яғни, Тәуелсіздік күні қарсаңында ресми шара өтпек. Жоғарыда айтып өткендей, шаралардың дені халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Мысалы, Қасым апталығы барысында ақын ескерткішінің жанында қайың ағаштары отырғызылып, қала тұрғындарының демалатын жеріне айналды. Кешікпей, облыс орталығында «Қасым үйі» де ашылады. «Жыл соңына дейін бес мыңға тарта шара өткізіледі, олардың қоғамға нақты пайдасы бар», – дейді Нұржан Ағыбайұлы.

Нұржан Ілияшқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау бағытында атқарылған іс-шаралар төңірегінде жасаған баяндамасы үшін алғысын білдірген Бекзат Қомарұлы наразылығын да білдірді. Оның айтуынша, талай айтулы азаматтардың атқарған шаралары тек әлеуметтік желіде ғана жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде насихатталмай қалып қояды. «Алдағы уақытта Арқа азаматтарының қажырлы еңбегін насихаттап, жақсы дүние жасап отырсақ» деген ұсынысын білдірді Бекзат Қомарұлы. Профессор, техника ғылымдарының докторы, білім саласының майталманы Сәбит Қонтаев та облыстық білім басқармасы тарапынан атқарылған шаралардың насихатталмай қалатынын айтып, жете көңіл бөлсе деген тілегін білдірді.

Ал, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет басқарманың баспасөз қызметі тарапынан белсенділік болса, ақпарат беруден тартынбайтынын айтып, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек «Мирас» қоғамдық кеңесінің келесі отырысында жабық есік жағдайында, қоғамнан оқшауланып отырған басқармалардың баспасөз қызметі туралы мәселе қоюды ұсынды.

Дін істері басқармасының атқарған жұмыстары туралы Жанар Дәуірқызы мәлімдеді. Оның айтуынша, облыста 15 конфессияны білдіретін 324 діни бірлестік тіркелген. Олардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, басқарма мамандары халық көп шоғырланатын жерлерде, яғни, сауда орындарында, базарларда, теміржол вокзалдарында түрлі санаттағы тұрғындардың дінге қатысты сұрақтарына жауап береді. Акция барысында буклеттер таратылып, 6 мыңнан астам адам қамтылған. Сонымен қатар, жедел желі де жұмыс жасайды.

Атқарылатын шара өз алдына, бірақ оның нәтижесі мен тиімділігі қандай? Дәл осы сұрақты Сәбит Сейітұлы қойды. Жанар Дәуірқызының айтуынша, шара өз нәтижесін беруде. Облыста жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі деген басқарма маманына Бекзат Қомарұлы кеңестің келесі отырысында тек ақпарат беріп қана қоймай, атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көрсетуді ұсынды.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев басқарманың атқарған жұмыстарын баяндады. Жалпы, басқарма биыл тарихи-мәдени мұраны сақтау және өнер мен мәдениет салаларын дамыту бойынша 27 шара жоспарлап, жүзеге асыруда. Орталық Қазақстанның ежелгі металлургиясына, Белағаш қорымына, қазақ хандарының жерленген жерлерін анықтау бойынша археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Белағаш қорымына жүргізілген зерттеу нәтижесінде түркі дәуіріне жататын ескерткіш табылған. Сондай-ақ, үзеңгі, айылбас және жылқы сүйектері табылған. Одан бөлек, Абай тоқтаған үйді, Ахмет Байтұрсынның мектеп ғимаратын, Сеңкібай кесенесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нұркен Әбдіров ескерткішінің қайтадан қоладан құйылғанына куә болдық. Бұл мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Жұмыстар әлі де жалғасатынын айтады Ерлан Нелдібаев. Дегенмен, індет жағдайына байланысты биылғы жоспарланған шаралардың бірқатары орындалмай қалуы да мүмкін. Мысалы, спектакльдер, концерттер, фестивальдар, көрмелер тәрізді 92 шараның 53-і ғана орындалған. Бірақ, Ерлан Мекежанұлы кеңес мүшелерін жоспарланған шараның барлығы орындалады деп сендірді.

Салтанат ІЛИЯШ.  

Басқа материалдар

Back to top button