Ресми

Келелі міндет, еңсерілген меже

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Абзалиев жұмыс сапарымен Балқаш қаласында болды. Сапар барысында олар бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Күрделі жөндеу жұмыс­тары жүріп жатқан жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясына да бас сұқты. Одан бөлек, көпсалалы ауруханасына, медициналық колледжіне барып, атқарылып жатқан жұмыс­тармен танысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Алдымен қалалық жедел жәрдем станциясының жаңа ғимаратына ат басын бұрды. Мұнда ғимаратты қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Қазір шатыр, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Жылу және сумен жабдықтау, электр желілері, кәріз жүйелері жүргізілді. Өрттен қорғау, бейнебақылау жүйесі орнатылып, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары басталған. Былтыр шілде айында басталып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 283 миллион теңге бөлінген. Қосалқы станция 120 шақырым радиуста бүкіл Балқаш өңіріне қызмет көрсететін болады. Ол бірінші, екінші және үшінші жедел санаттағы қоңырауларды қабылдайды.

– Бұрын кеңес заманында біздің станция жеке ғимаратта орналасқан дербес мекеме болатын. Қазбеков көшесінде орын тепті. Тоқсаныншы жылдардың аяғында қайта құруға байланысты станция қалалық ауруханаға қосылды. Өте тар, 150 шаршы метрдей еді. Тіпті, ерлер болсын, әйелдер қауымы болсын, фельдшерлер демалатын бөлме біреу ғана-тын. Ал, өткен жылы аурухананың бұрынғы мұрағаты болып табылатын ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл жерде біздің аумақ әлдеқайда кеңейіп, шамамен 300 шаршы метрге ұлғаяды. Фельдшерлердің демалуына жақсы жағдай жасалады, – дейді Балқаш қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станцияларының қосалқы станцияларының меңгерушісі Виктор Ли.

Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қалалық жедел жәрдем қосалқы станциясында 90 қызметкер жұмыс істейді. 6 бригададан тұрады. Сондай-ақ, 8 вагон, 2 резервпен қамтылған. Ғимараттың құрылысын «RICE KZ» ЖШС кестеге сай атқаруда. Бүгінде ішкі жұмыстар толығымен аяқталған. Қазіргі уақытта аумаққа асфальт төсеу, жиектастарды төсеу, сонымен қатар, гаражды жөндеу және көлік жууға арналған плиткаларды төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Учаске шебері Арман Жанабек­овтің айтуынша, былтыр 1 шілдеден басталған жұмыс 31 тамызда толығымен аяқталады. Жаңа ғимараттың ішінде 28 бөлме болады. Барлық фельдшерлер, жүргізушілер, асханашылар бөлек демалатын бөлмелер қарастырылған. Асханасы, жуыну бөлмелері де бар. Және де гараж бен автокөлік жуу орны бар. Арнайы жедел жәрдем көлігін жуып, жөндейтін бір бокс салынуда.

Сонымен қатар, облыс басшысының орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасының орынбасары сала басшыларымен кездесті. Сала мамандарының мәлімдеуінше, облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта 14 нысан салынды, оның 78-і әлі де жоспарда бар. Оның ішінде, бұрынғы шипажай ғимараты күрделі жөндеуден өтеді және қалалық көпсалалы ауруханада ангиографиялық қондырғысы бар қабылдау-диагностикалық кабинеттің құрылысы жүргізілмек.

Медициналық нысандарды аралап, негізгі мәселелерді алға тартқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын көрсетілетін медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуды жіті бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындарға дәрі-дәрмекті қолжетімді ету, дәрігерлердің қызметін жетілдіру, ең бастысы, профилактикалық медицинаны дамыту шараларын басты назарда ұстау керектігін айтты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button