Жаңалықтар

Келелі мәселе кеңесіп шешілді

Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі – Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі. Биыл қарашаңыраққа 90 жыл толып отыр. Тағылымды жолдан өтіп, биік белестерді бағындырып, кәсіби мамандар даярлаудағы айқын бағытынан жаңылмай келе жатқан оқу орны өзінің мерейтойлық шаралар легін «Ауыл шаруашылығын дамытудың және ауылға арналған мамандар даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашты.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ауыл шаруашылығын дамытудың тәжірибесін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында ауыл шаруашылығын дамытудың және ауылға арналған мамандар даярлаудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық жауапты сала басшылары, елімізге белгілі ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын бірқатар жоғары оқу орындарының ұстаздары және Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы қатысты. Колледж директоры Саят Оспанов білім ордасының 90 жылдық даму жолы – ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлаудағы мүмкіндіктері мен жетістіктеріне кеңінен тоқталып, жүйелі жоспарларымен бөлісті. «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, аймақтағы ауыл шаруашылығының даму перспективалары», «Жануарлардың жұқпалы ауруларының қаупін бағалау мен болжауда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану», «Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» атты мәселелер конференция тақырыбының өзегіне айналды. Конференцияда ел экономикасының жетекші саласына айналып отырған ауыл шаруашылығы тақырыбында қозғалған маңызды мәселелер жайында және одан шыққан қорытынды, ұсыныстар туралы кеңейтілген мақаланы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button