Әдебиет

“Келе жатыр әйелдердің ғасыры”

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы да жақындап қалды. Көктеммен бірге нәзік жандыларымыздың жүректеріне ерекше бір сезім ұялап, көңілдері жайнай түсетін тұс. Келе жатқан аяулы мерекеге орай, елге кеңінен мәлім ақындардың өлеңдерін топтастырып, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!

ӘЙЕЛ – СЕНІҢ АҚЫЛШЫҢ

Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

ӘЙЕЛДЕР-АЙ!!!

Әйелдер-ай! Әйелдер-ай! Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.

Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай! Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.

Әйелдер-ай! Әйәйлар-ай, қулар-ай! …

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай, Ойбай!.. Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді…

Мұқағали МАҚАТАЕВ

МАТРИАРХАТ ЗАМАНЫ

Келді, кетті баһадұрлар заманы.
Мынау кезең–құз шыңырау тар әрі.
Мамонттардай маң-маң басқан бір кезде,
Еркектердің заманы өтіп барады.

Көрінбейді көзімізге Һас ірі,
Батырынан көптеу аяр, пасығы,
Еркектердің заманы өтіп барады,
Келе жатыр әйелдердің ғасыры.

Екі ұдайлау– ойлары да, сөздері,
Қызыл-жасыл дүниеде– көздері.
Елден ерек бекзаттығы тұл болған,
Еркектердің кінәлі оған өздері!

Ақын болған бір кездері, батыр да,
Алтын басы енді қара бақыр ма?
Бар билікті соған берген Тәңірі,
Одан теріс айналғалы жатыр ма?!

Арулар-ай, махаббатпен матап ап.
Қалай бізді сүйеді әлі қаталап?
Соғыс еді еркектердің заманы,
Әйелдікі әдемі одан–
Махаббат!

Дүниені осы еркектер шайқаған,
Біз түгілі, Тәңірі оны байқаған:
Партриархат тақтан түсті… бізге енді,
Матриархат келе жатыр қайтадан…

Әйелдердің нұрға тұнып жанары,
Күннен күнге жасанады жамалы.
Сомдайды енді Соны Патриархты,
Мына келген Матриарх Заманы…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ӘЙЕЛДЕР

Не толқытса соның мұңын тартасың…
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында әзіл ойнап жарасты
Маған бір қыз бал ашты:
– Науқастан ба ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен Сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден.
– Бәрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен цығандарды жұмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, –
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды
Әзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайды қарайтын,
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы – мұз.
Әйел біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Хас сұлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал қызғаныш құрды деп кім айта алады аз қақпан.
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куә анау төбе томпиған
Анау шындар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып жылу болмау,
Әйел болып сұлу болмау
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлге шашылмағай шұғылаң.
Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Әйел – еркек намысының қорғаны.
Нағыз сұлу әйел табу –
Бүкіл еркек атаулының арманы. –
Нағыз сұлу әйел үшін қажет кезде жан қию,
Бұл – жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе азаматтық семеді.
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық бір әйел бар.
Ол әйел
Менде сондай күш барына сенеді!

Мұхтар ШАХАНОВ

ӘЙЕЛ

Қай жерде, мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң оныңды,

Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем.

Сүйкімді болсаң шынымен

Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең – әйел деп сүрін.

Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң!

Ананың сорып емшегін,

Басылған талай кемсеңің.

Бәдік боп өмір кешесің,

Бермесе әйел жень-шенін.

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың,

Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?

Сол үшін түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді,

Әйелің өлсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін – сол шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер!

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

Жүрсін ЕРМАН.

ОЙЛАН, ЕРКЕК!

Әйел үшін – әлемдік барша жеңіліс те, жеңіс те.
Сиқырлы Ойларының бәрі – іште.
Артынан қарасаң, – Сайтан.
Алдынан қарасаң, – Періште.

Бос әуре – адамтанудың әйел жайындағы барша болжамы.
Жайнаған көзінен-ақ – түйсігіңде тірі шам жанып!..
Оны өзіңе ғашық ете алмасаң, – Жезтырнақ.
Ғашық ете алсаң, – Жан Жарың.

Әйел!
Күдігіңді де жандырып қояды білте етіп, құпия күлкісінің майына!
Ол неткен тылсым?
Қайдан дарыған бойына?!
Сені «Жұмақтан қудыртқан» – Сол еді.
Жұмаққа енгізетін де – Сол, қайыра!

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

Әзірлеген Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button