«Кейбір деректер ашық айтылмайды дегенмен…»
Қоғамда «Желтоқсан оқиғасы жайлы кейбір деректер ашық айтылмай келеді. Тіпті, Желтоқсан оқиғасы әлі толық зерттелген жоқ. Кейде қоғам осы аталған ұстаныммен оны ұмыттырғысы келетін секілді» деген пікірлер бар.
Жалпы, Жастардың көзқарасындағы Желтоқсан қандай? Заман алға жылжыған сайын Желтоқсан оқиғасының тарихы, мән-маңызы ұмытылып бара жатқан жоқ па? Жастардың пікірін білген едік.
Желтоқсан – қазақ халқының Тәуелсіздікке ұмтылысын көрсеткен ерлік оқиғасы. Бұл тоталитарлық жүйеге қарсы наразылықтың көрінісі ғана емес, сонымен қатар, болашақ тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаудағы қадамдардың бірі ретінде де тарихи маңызға ие. Қазіргі уақытта «Желтоқсан оқиғасының кейбір деректері ашық айтылмайды» деген пікірдің айтылуы кездейсоқ емес. Тарихи шындық толық зерттеліп, халыққа жеткізілмесе, бұл уақыт өте келе бұлыңғырланып, ұмтылу қаупіне тап болады. Бұл – ұлт үшін қауіпті тенденция. Тарихты сақтап қалу үшін мемлекеттік бастамалар ғана емес, қоғамның белсенділігі де маңызды. Ұрпақтар арасында тарихи сананы қалыптастыру жұмыстары жүргізілмесе, Желтоқсан оқиғасының маңызы көлеңкеде қалуы мүмкін.
Заман алға жылжыған сайын Желтоқсан оқиғасы туралы түсінік пен оның рухани мәні әлсіреп бара жатқанын байқаймыз. Бұған бірнеше себеп бар. Мәдениеттегі көрініс тапшылығы жалпы Желтоқсан туралы деректі фильмдер, кітаптар мен көркем шығармалардың аздығы оның қоғам есінде қалуына кері әсерін тигізеді. Оған қоса Желтоқсан оқиғасын бір кішігірім оқиға секілді көрсету дұрыс емес.
Әлі де Желтоқсан көтерілісі туралы деректер толығымен ашылған жоқ. Оның ашылуы кейбір топтар үшін әлі де қауіпті болуы мүмкін. Дегенмен, ол жайлы деректер ашылуы керек, себебі, оқиға басталған бетте «нашақор жастар» деген жалған ақпараттар тарады. Осыған әлі де сеніп жүрген адамдар бар.
Желтоқсан оқиғасы – Қазақстанның тәуелсіз тарихындағы ең үлкен маңызды тарихтың бірі. Егер біз оны естен шығарсақ, бұл тарихи шындыққа жасалған қиянат емес, өз болмысымызды ұмыту. Сондықтан, оның тарихи мәні ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, рухы мәңгі сақталуы тиіс. Тәуелсіздікті қастерлеу үшін Желтоқсан оқиғасының әрбір сабағын ұғынуымыз керек. Жастарды «қайсар, батыр бол!» деп тәрбиелейміз, ал, өзіміз Желтоқсан оқиғасында батырлық көрсеткен жастарымызды әлі де толық дәріптей алмай жүрміз. Бұл – өкінішті.
Бүгінде жастардың Желтоқсан оқиғасы төңірегіндегі көзқарасы әртүрлі. Біреулер оны ұлт азаттығының ұлы қозғалысы деп қабылдайды. Басқалары бұл оқиғаны толық білмей, тек мектептегі немесе отбасында айтылған аз мәліметтермен ғана шектеледі. Бұл айырмашылық жастарды тарихты тану деңгейіне, оның насихатталуына, қоғамдағы тарихи сана қалыптастыру жұмыстарына байланысты. Жастардың патриоттық бағыттағы бөлігі үшін Желтоқсан бұл батырлықтың, әділеттіліктің, ұмтылыстың символы. Ол Желтоқсан оқиғасын ұлт болашағы үшін күрескен жастардың ерлігі ретінде бағалайды. Мұндай жастар Қазақстанның тәуелсіздігі оңай келмегенін түсініп, оны сақтауда өзін жауапты сезінеді. Ал, жастардың бір бөлігі Желтоқсанды Қазақстанның Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған 1991 жылмен тікелей байланыстырады. Бұл оқиғаны тарихи маңызды кезең ғана емес, Тәуелсіздіктің саяси-рухани негізі деп санайды.
Алайда, жастар арасында бұл оқиғаға мән бермейтіндер де бар. Мұндай көзқарастың қалыптасуына әртүрлі себептер де бар. Мемлекеттік награда тапсырылатын күн деген түсінік қалыптасып қалған жастар да бар. Алайда, Желтоқсан оқиғасын тереңнен зерттеп жүргендер аз емес. Олардың көзқарасы әртүрлі болса да, оны ұлттық рухтың айнасы ретінде түсіну, қамтамасыз ету – қоғамның міндеті. Желтоқсан ол өткеннің тарихы ғана емес, ол бүгінгі жастарға ұлтжандылық, әділеттілік туралы айтар үлкен сабағы бар оқиға. Егер біз бұл тарихи құндылықты дұрыс жеткізе алсақ, жастар оны ұмытпайды. Керісінше, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын құруға күш салады.
Ержан ХАМИТОВ,
AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы.