Кедергісіз орта теңдікті қамтамасыз етеді
Қарағандыдағы бос орындар жәрмеңкесінде мүгедектігі бар 100-ден астам тұрғынға қаланың 30 кәсіпорнынан 200-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Сондай-ақ, кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері, оның ішінде, «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және квоталанатын жұмыс орындары бағыттары бойынша кеңес берілді.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарының жәрмеңкесін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еңбек ұтқырлығы орталығы «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен және Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
– Мүгедектерге арналған бос орындар жәрмеңкелері еңбек нарығында инклюзивтілік пен теңдікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Олар жұмыс берушілер мен мүмкіндігі шектеулі жұмыс іздеушілер үшін бетпе-бет кездесуге, ақпарат алмасуға және ынтымақтастықтың ықтимал әлеуетін талқылауға мүмкіндік туғызады, – деп есептейді «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық инклюзиялар кеңесінің мүшесі, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының елшісі Нияз Сүндетәлиев.
«Мүгедектігі бар адамдарға мұндай жәрмеңкелер жұмыс іздеуде жиі кездесетін кедергілерді жеңуге көмектеседі», дейді ұйымдастырушылар.
Өз тілшімізден