Жаңалықтар

Кедергісіз орта: қолғанат болған кәсіпорын

3 маусым күні «Қолғанат-Қарағанды» ЖШС әлеуметтік бағыттағы кәсіпорны 7 жылдығын атап өтті. Аталмыш іс-шарада құрметті қонақ ретінде серіктес өнеркәсіптердің басқарма төрағалары да бой көрсетті. Сонымен қатар, жиында кәсіпорынның іргетасын қалаған қызметкерлерді марапаттау рәсімі де өтті.

Осыдан 7 жыл бұрын қарағандылық Асхат Есентұров тігін кәсіпорнын ашуға бел буады. Бүгінде әлеуметтік бағытты бағдар еткен кәсіпорын зейнеткерлерге, жалғызбасты аналарға, қоғамның басқа да осал топтарына жұмыс істеп, нан табуына мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 45 адам жұмыс атқарады, оның 27-сі мүмкіндігі шектеулі жан. Бастапқыда «Қолғанат – 2015» қоғамдық бірлестігі құрылып, кейіннен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өз орындарын тауып, тұрақты жұмыс жасауы үшін «Қолғанат-Қарағанды» кәсіпорны ашылған. Кәсіпорын арнайы киім тігу, жиһаз өндірісі және респираторлық құралдар шығару бағыттарында жұмыс атқарады. Осылай, жұмыс жолын екі тігін машинасымен бастаған шағын шеберхана қазіргі кезде ірі, заманауи, бәсекеге қабілетті, әрі табысты кәсіпорынға айналып отыр. Өзгеге қолғанат бола алған Асхат Есентұровтың қайырымды істері өзіне табысты келісімшарттар арқылы қайтты деуге болады. Себебі, бүгінгі таңда кәсіпорын «Maker» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ВОСТОКЦВЕТМЕТ» ЖШС, «ШалқияЦинк ЛТД АҚ сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен серіктестік орнатқан. Сондай-ақ, «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС» ЖШС қызметкерлеріне де арнайы киімдер тігіп береді.

– Бұл жолды бастаған кезде бізде бар болғаны 2 тігін машинасы бар еді. Бірақ, соған қарамастан, ынта мен жарқын болашаққа деген сенім жігерімізді жаныды. Ал, қазіргі таңда біздің арнайы киімдеріміз өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындар арасында сұранысқа ие. Тұрақты серіктестеріміз де бар. Біз әлеуметтік кәсіпкерлікте өзін танытқысы келетіндерге үлгі болып, адамдарға көмектесуге бағытталған идея табысты бола алатынын көрсеткіміз келеді, – деді сөз соңында компания директорының орынбасары Асхат Жұмағұлов. Жақсылық жасау сауапты іс екені белгілі. Қолдан келгенше жәрдем беру, біреудің қажетін ашу да – жақсылық. Және оның қайтып келетіні де анық. Асхат Есентұровтың кәсібі соған жарқын мысал.

Дильназ ШӘҢГЕРЕЙ, ҚарУ-дың ІІ курс студенті.

Суретті түсірген: А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button