Спорт

Кедергісіз келешектің кемел мүмкіндігі

Қарағандыда алғаш рет «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті. «Жастар» спорт кешенінде өткен шараға облыс бойынша 23 команда қатысып, 70-ке жуық бала бақ сынас­ты. Бұл «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қолға алынған. Ол ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауды көздейді.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Фестивальге қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осындай бастаманы қолға алған «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалына алғыс білдірді.

– Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында. Партияның осы бағытта арнайы жобалары бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет барлық жағдайды жасайды, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов та ұйымдастырылған фестивальдің мәні мен мақсаты зор екенін айтты. Қатысушыларға жеңіс, қажырлылық, денсаулық тіледі.

– «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі – «Кедергісіз келешек» жобасының үлкен жаңалығы, – деді партияның Қарағанды облысы бойынша төрағасы Бекзат Алтынбеков. – Спорт фестивалі ерекше жаратылған ұл-қыздарымыз үшін өмірге деген құштарлығын арттыратын, оларға қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіретін, үміт сыйлайтын жобаның бірі деп есептеймін. Осындай шаралар арқылы партияның 40 мыңнан астам мүшесі өз ниетін білдіреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар, қалыпты оқушылар да қатысады. Бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достықты нығайтып, сыйластығын арттыруға негіз болмақ. Сонымен қатар, бейімді дене шынықтыру және спорт саласында спорттық волонтерлікті дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға бейімделген дене шынықтыру демалысын үйрету арқылы отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуды көздейді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы Қарағанды облысы бойынша филиалы әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаеваның айтуынша, алдағы уақытта фестиваль дәстүрлі шараға айналып, ауқымы кеңейе түспек.

Шараға атап айтқанда, Даун синдромы бар, аутистикалық спектрі бұзылған, құлағының мүкісі бар, көздері нашар көретін, сал ауруына шалдыққан балалар қатысады. 3-5 және 6-8 сынып оқушылары екі санат бойынша «Жеңіл атлетика», «Көңілді старт», «Бочча» түрлерінен өнер көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі балалар фестивальдің «Бочча» деп аталатын сайысына қатысты.

Саран қаласынан келген Айгүл Аубакирова жиенін жарысқа алып келіпті.

– Жиенімде сал ауруы. Боччаға арнайы қатысады, аптасына 2-3 рет барады. Бірақ, мұндай шараға бірінші рет қатысып тұр. Жалпы, бізде мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзия кабинеті бар. Бұл балалар сонда келіп сабақтарын оқиды, логопед, дефектологпен жұмыс жасайды. Ата-аналары алып келіп отырады. Олардың оқу бағдарламасы бөлек, сол бойынша оқиды. Сыныптағы мерекелік шараларға мүмкіндігінше қатысады. Фестиваль басқа балалармен тең сезінуге мүмкіндік берді, – дейді Саран қаласының №13 мектептің Информатика пәні мұғалімі Айгүл Аубакирова.

«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының жаттықтырушылары мен жергілікті спорт қауымдастықтарының өкілдері қатысушыларға қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар марапатталды.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button