Спорт

Кедергіні жігер жеңеді

Қарағандыда тірек-қимыл аппараты зақымданған, есту және көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы VIII облыстық спартакиадасы басталды. Оған өңірдің алты қаласы мен алты ауданынан 180 спортшы қатысуда. Спартакиаданың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы дене шынықтыру мен спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Соған сәйкес жыл сайын спорт түрлері бойынша түрлі спорттық-бұқаралық шаралар өткізілуде. Ал, осы спартакиада соның бір айғағы. Бүгінде өңірдегі мүмкіндігі шектелген жандар әр салада, оның ішінде спортта да үлкен жетістікке қол жеткізуде. Солардың қатарында Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарында қос қарағандылық спортшы қола жүлде иеленген болатын. Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серік Жұманғалиұлы:

– Өңір спортын дамыту – облыс басшылығының тікелей қадағалануында тұрған мәселе. Сондықтан, жұмыла жұмыс жасап жатырмыз. Әрқайсыларыңыз үлкен жетістікке жетіп, ел намысын әлемдік ареналарда қорғайтындарыңызға сенемін, – деді. Сонымен қатар, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин де сөз сөйлеп, өңір спорты жайында әңгіме қозғады.

– Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында түрлі турнирлер ұйымдастырылуда. Сіздердің құлшыныстарыңыз көпке үлгі. Әрі ең басты мақсатымыз Тәуелсіз елдің саламатты ұрпағын тәрбиелеу, – деді Ерден Балтабайұлы.

Аталған спартакиада екі күнге жоспарланған. Қатысушылар жеңіл атлетика, үстел теннисі, шағын футбол, дойбы және тоғызқұмалақ спортынан бақ сынайды. Спорттың әр түрі және санат бойынша жарыс «Жастар» спорт кешені мен «Шахтер» стадионында өтеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button