Əке мен балаға арналған күн
Əкелер күніне орай Қарағанды қаласының мəдениет, тілдерді дамыту, дене тəрбиесі жəне спорт бөлімі «Шахтер» стадионымен бірлесіп, Майқұдық саябағында «Əкелер мен балалар» спорттық іс-шарасын ұйымдастырды. Балалар əкелерімен бірге шағын футбол ойнап, қызыққа толы сəттерді басынан өткерді.
«Əкелер мен балалар» іс-шарасы бойынша əкелер мен балалардың қатысуымен шағын футболдан турнир жəне салмақ көтеру бойынша «Ең күшті əке» жарысы өтті. Аталған шара ата-аналар мен балалардың бос уақытын бірлесе ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жарысқа аула клубтарының балалары мен олардың ата-аналары қатысты.
– Биыл Əкелер күні алғаш рет тойланып отыр. Елімізде бұл күнді атап өту жақсы дəстүрге айналып келе жатқандай. Осындай мерекелер отбасы құндылығын нығайтып, бала мен əке арасындағы сыйластықты арттыруға сеп болады деп ойлаймын. Мерекеге орай саябақта шағын футбол ұйымдастырылып, төрт команда қатысты. Балалар мен əкел ер қатысқан жарыс өте көңілді өтті. Бір командада 5 бала, 2 əке ойнады.
Шағын футболда төрешілік еттім. Мұндай шаралар əрбір мерекеде ұйымдастырылып тұрады, – деді спорт əдіскері Аян Иманғалиев. Шағын футболда ептілігімен көзге түскен «Восток» жасөспірімдер клубы І орын алды. Ал ІІ орын «Мұрат-1» клубына бұйырса, III орын «Мұрат-2» клубына берілді.
Қатысушыларға диплом мен түрлі сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, 17-19 маусым аралығында қаланың аула клубтарында əкелер мен балалардың қатысуымен «Менің əкем ең жақсысы!» атты конкурстық бағдарламалар өтті.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz