«Әке көрген оқ жонар…»
«Әр бала – отбасының, әр азамат – мемлекеттің көрінісі» деген сөз бекер айтылмаған. Бала тәрбиесі – жеңіл жұмыс емес, онда әкенің де, шешенің де қатысы теңдей болуы тиіс. Әсіресе, әкенің рөлі өте маңызды. Өйткені, ол баласы үшін еліктеудің нағыз үлгісі және ең басты кеңес берушісі.
«Ондаған, жүздеген мамандар, кәсіптер, мамандықтар бар. Бірі теміржол құрастырса, басқасы үй салады. Үшіншісі бидай өсіреді, төртіншісі адамдарды емдейді, бесіншісі киім тігеді. Күзетшіден бастап, министрге дейінгі кез келген қызметкерді, одан да талапты адаммен ауыстыруға болады. Ал, жақсы әкені дәл осындай жақсы әкемен алмастыру мүмкін емес», – дейді В.Сухомлинский.
Ана – сая болар бағың болса, Әке – асқар тауың» деген даналық сөз бар қазақта.
«Бір күн бар, жылатар күн, жұбатар күн,
Бір күн бар, мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
«Әке» деген сезімді ұмытар кім», – демекші, №4 арнайы мектеп-интернатында құрметті әкелерімізге арналған «Әке – алтын діңгек» атты әкелер форумын өткізгенімізді атап өткім келеді.
Әр шаңырақта әкенің орны – ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы.
Отбасының пейіл-береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әке.
Мектебімізде қолға алынған ата-аналар айлығының жоспарына сәйкес «Әке – алтын діңгек» тақырыбымен өткен әкелер форумы да әкелердің бала тәрбиесіндегі орнын насихаттауды көздеді.
Сонымен қатар, өнегелі отбасының үлгісін дәріптеу, балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін күшейту, ізгілікті-рухани құндылықтар негізінде қоғамда белсенді жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, отбасы, мектеп, жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру сынды мақсаттар да қамтылып отыр.
Жасөспірімдер арасындағы бақылаусыздық пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына ер-азаматтарды тарту, бала бойында тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық, шығармашылық қабілеттерді, саламатты өмір салтын қалыптастыруда әкелермен тәжірибе алмасу, ой бөлісу сынды өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.
Сонымен бірге, №4 арнайы мектеп-интернатында 3-4 сынып мұғалімдері М.Досмақова, А.Терлікбаева және тәрбиеші Ж.Ержанова жоғарыда аталған «Әке – алтын діңгек» атты іс-шараны ұйымдастыруда ауқымды жұмыс атқарғанын арнайы атап өткен жөн.
Біз ата-аналар аталған білім ошағының ұлағатты ұстаздарына шексіз алғыс айтамыз. Осындай шараны ұйымдастырып отырған №4 арнайы мектеп-интернатының басшысы Гүлнар Қырғызбаеваға және пән мұғалімдеріне дән риза екенімізді айтқымыз келеді.
Ерғали ТАТАМБАЕВ.