Жаңалықтар

Кеңею мен көркею кепілі

Кеншілер қаласының бас жоспарына енгізілген түзетулер елді мекеннің 2036 жылға дейінгі дамуын қарастырған. Оның ширек ғасырдағы кеңеюі мен көркеюінің кепілі болып саналатын бұл маңызды құжатты «Казгипроград» жобалау институтының мамандары жасады. Қала тұрғындарының қазіргі саны, олардың жасына шаққандағы ерекшелігі және болжамдық табиғи өсімі негізінде болашақта қанша халық болатыны да айқындалды. Соған сүйенсек, енді жеті жылда тұрғындар саны 76 мың адамға жетеді. Ал, бас жоспар толық жүзеге асқанда 80 мың адам тұратын болады.

– Біздің қала өте ықшам, кейінгі кезде жедел бой түзеп келе жатқаны белгілі. Бұған дейін «Нұрлы мекен» ықшам ауданында бос орындар болған еді. Қазір толық игерілді, 45 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. «Байқоңыр» ықшам ауданы да даму үстінде. Онда 214 жер үй салынған. Сондай-ақ, Ерден көшесінің келесі бетінде көпқабатты тұрғын үйлерге арналған бос орындар бар. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған жер көлемі кеміп келе жатқанын айтуымыз керек. Жыл өткен сайын қалаға қоныс аударушылар қатары артып отыр. Бала туу үрдісінде оң өзгеріс байқалады. Сондықтан, біз осыларды ескере отырып қаланың бас жоспарына өзгерістер мен түзетулер енгізуді жөн санадық. Жаңа бас жоспар кеншілер қаласының заманауи бағытта дамуының кепілі болады, – дейді қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Жасалған жобаға сәйкес қала шартты түрде 6 тұрғын және өндірістік аймаққа бөлінген. «Казгипроград» жобалау институтының бас архитекторы Ренат Хайрулиннің пікірінше, қаланы бұлай тұрғын аймаққа бөлу шаһардың әрбір бөлігінде тұрмысқа қолайлы орта қалыптастыру үшін мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандарды қажетті көлемде орналастыруға мүмкіндік береді. Қала солтүстік, оңтүстік-шығыс бағытында керегесін кеңге жаяды. Экологиялық жағдайды жақсарту, қаланың үстінен өтетін магистральдің жүгін жеңілдету мақсатында оңтүстік-шығыс, шығыс және солтүстік жағынан айналма жол жасау қарастырылған. Қазір қаланың көше-жол желісі шамамен 73 шақырым, ал енді жиырма бес жылда 209 шақырымға жетеді. Көше-жол желісінің дамуымен бірге сумен-жылумен, электр қуатымен жабдықтау және су тарту инженерлік желілері нығаяды. Жобада келешекте газбен жабдықтау жағы да ескерілген. Жаңа жерді игеру кезінде жекеменшік жер үйлерден тұратын орамдар, көпқабатты тұрғын үйлер кешені бой түзейді. Сондай-ақ, 7 балалар бақшасы, 3 жалпы білім беретін мектеп, бірнеше денсаулық сақтау мекемесі, спорт залдары, бос уақытты мазмұнды өткізуге арналған ғимараттар, тағы басқа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін нысандар, қала аумағының өсуіне байланысты қосымша екі өрт сөндіру депосы салынады. Өндірістік аймақты дамыту келешекте Ұлытау көшесінің оңтүстік қапталында одан әрі жалғасын табады. Сонымен қатар, өндірісті өркендетудің резерві ретінде қаланың оңтүстік-шығыс жағындағы шығаберістегі теміржол мен Ұлытау көшесінің аралығындағы аумақ қосымша қарастырылған. Соңғы жылдары қала құрылысын жобалау саласының нормативтік-құқықтық базасы елеулі өзгеріске ұшырады. Сәтбаев қаласының жаңартылған бас жоспарының жобасы соған толық жауап береді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы

Басқа материалдар

Back to top button