Жаңалықтар

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ: «Жан дүниесінде болмаса – жанып тұрмайды…»

Театр – сән түзейтін емес, ой түзейтін, ой арқылы бой түзейтін жер. Ой (ниет) түзелсе – сөз, сөз түзелсе – ел түзелері белгілі. Халықаралық театр күні қарсаңында Қарағандының маңдайға басқан қарашаңырағы – С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының ардагер әртісі, театр тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес ЖҰМАБЕКОВКЕ хабарласқанбыз бір ауыз пікірі үшін. Ағынан жарылып сала берді.

Сәкен театрының 80-85 пайызы жастар қазір. Бұл – өте қуанышты жағдай. Және қандай жастар?! Көпшілігі Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын, астанадан Ұлттық Өнер университетін бітіріп келгендер. Қай-қайсы болсын, үлкен мектепте ұстаздың алдын көрген жас талаптар. Үлкен дайындықпен келгендері бірден байқалады. Мысалы, былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Жас Абай» спектаклін қойдық. Кілең жас әртістер ойнады. Болашақтан үміт күттіретін талант екендерін дәлелдеді десем, артық айтқаным емес. Абай рөлін сомдаған – астанадан бітіріп келген Азат Амантай атты жігіт. Жасыратыны жоқ, біз үлкендер жағы басында күдікпен қарадық. «Апырай, жапжас. Келе салып Абайдың рөліне кіріп жатыр, қалай болар екен?» деп. Жас та болса біз ойлағандай албырттық танытпады. Өте тамаша алып шықты. Абайдың албырттығын ғана емес, болашақта кемеңгер болатындығын ойлы кейпімен таныта білді. Әрине бұл – қуантарлық жайт. Кейде жастықпен жалындап өте шығатындар да болады. Бұл жігіт өйткен жоқ. Әсіресе, Абай әкесімен тайталасып қалатын жері, Қодар мен Қамқа оқиғасына байланысты. Тура сол тұсы сенімді көрінді.

«Абай жолын» оқып отырсаңыз, Ерболдың достығына ғашық боласың ғой. Ерболдың рөлін Асқар Игенов деген жас әртіс тамаша сомдады. Эпизодтық рөл болса да, өнерге үстірт қарай алмайтындығы тәнті етті. Қойылымда Ерболдың Абаймен қатынасы, Айгерім екеуінің арасында жүрген сәттерін келістіріп ойнады. Шынайылық бар. Ең бастысы осы шынайылық.

Одан кейін жас Абайды өзімізден бітірген, Қайрат Кемалдың шәкірті Ахай Жұмамұрат сомдады. Алдында Нұркенді ойнаған, біраз рөлдері бар бұл жігіттің. Ол мұнда да өз Абайын алып шыға алды. Өзіндік салмақ бар. Байсалды. Қодарды асқанда күйзелгенін нанымды көрсетті. Қатыгездікке төзбейтін Абай жүрегін әсерлі жеткізді. Екі әртісіміз де бірінен бірі асып түсті.

Жап-жас талантты қыздар да жеткілікті. Астанадан оқып келген Ақбота Қанат деген қызымыз бар. Амира Омарова деген қызымыз Алматыдан Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп келді. Ол жақында ғана «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Баян образына енді. Алғашқы рөлі болса да, көрермен ретінде сүйсініп отырасың. Еркекшора Баяннан бойжеткен, сұлу Баянға айналып шыға келгенде, әртістің бір түрден екінші түрге өткендегі шеберлігі тәнті етеді. Тіптен ғажап десе болады. Мұндай буырқанған сезімдер ішкі жан дүниесінде болмаса, бұлай шынайы шықпайды. Жанып тұрмайды.

Бұған дейін театрымызда талантты жас болмады деген сөз емес. Осы күнге шейін жастар арасында тек Қарағандыда ғана емес, Қазақстан көлемінде қара үзіп жүрген талант Дина Заитованың өзі неге тұрады?! Қазір оның аламан байгеге түскен кезі. Қатарынан төрт фестивалда ең мықты әйел рөлін жеңіп алды. Былтыр «Самғау» деген халықаралық фестивал өтті. Қазылар Ресейден, Тәжікстаннан келді. Барлық өнертанушылар Динаны көріп таң қалды. «Мынандай актрисаға бөлек пьеса жазылу керек» деді. Баға ма, баға! Оны және шақырмаған театр жоқ. Ешқайсына бармады. Сәкен театрында қалды. Мұндай бағадан соң, оған театрға жаңадан тағайындалған директорымыз Құрман Қалымов арнайы спектакль қойғысы келді. Бірақ режиссерлар пьеса таңдай алмай отыр. Әлемдік деңгейдегі «Клеопатра» сияқты пьесалар бар. Режиссерлар «ондай үлкен шығармаларға әлі дайын емеспіз» дейді. Оларға кінә тағайын деп тұрғам жоқ бұл жерде. Ұлы өнерге үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп білем осылай.

Алматыдан бітіріп келген Мадина Матамова атты актрисамыз бар. Астанадағы жастар театрын алғашқы құрушылардың бірі. «Қорқыт» қойылымында ханзаданы ойнайды. Ғажап! Сөйлеген сөзін айтпағанда, жүрістұрысы, көзқарасы – бәрі орнымен сөйлеп тұрады. Заитова мен Матамова – туабітті таланттар. Тағы да басқа таланттар баршылық. Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының бүгінгі келбеті – осы. Ал, бүгін – болашаққа жол. Театрдың жартысынан көбі жастар болғандықтан, болашағы зор демесіңе қоймайды. Ал, мұнда ертеден келе жатқан аға буын өкілдері, үлкен мектеп барын қозғасақ, тым ұзаққа кетіп қаламыз.

Жазып алған Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button