Бас тақырып

«Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау 1 қазанда басталады

Қазақстанда фермерлерді қолдауға бағытталған «Кең дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жоспардан бір ай бұрын басталады. Өтінім қабылдау 1 қазаннан ашылады. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көктемгі егіс науқанына уақтылы дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданды.

Сурет agrocredit.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, ерте қаржыландыру шаруаларға жаңа маусымға толыққанды дайындалуға жағдай жасайды.

– Мұндай қолдау аграрийлерге жанар-жағармайды тиімді бағамен алуға, тыңайтқыштар мен тұқым қорын толықтыруға, техниканы жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Дәл осы кезеңде ресурстардың қолжетімді болуы егіс жұмыстарының табысты өтуіндегі шешуші фактор болып саналады, – деп атап өтті министрлік өкілдері.

Бағдарлама аясында фермерлерге жылдық мөлшерлемесі бар болғаны 5 пайыздық несие ұсынылады. Қажет болған жағдайда қарыз сомасының 85 пайызына дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігі қарастырылған. Қаржыландыруды Аграрлық несие корпорациясының аймақтық филиалдары мен серіктес қаржы ұйымдары жүзеге асырады.

Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков агросектордағы несиеге сұраныс тұрақты түрде жоғары екенін атап өтті:

– Біздің міндетіміз – тек сұранысты қанағаттандыру емес, сонымен қатар нарыққа дер кезінде ұсынылатын, икемді қаржы құралдарын беру. Ерте қаржыландыру аграрийлердің жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізуіне жол ашады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес өнімдерімізді жетілдіріп отырамыз, – деді ол.

Биылдың өзінде агросекторды қолдауға бөлінген қаржы көлемі 500 млрд теңгеден асты.

Фермерлер бағдарламаға қатысу үшін Аграрлық несие корпорациясының аймақтық филиалдарына өтінім бере алады. Толық ақпарат agrocredit.kz сайтында және call-орталықтың 5353 (Kcell, Activ, Beeline) мен +7-775-007-68-07 (Tele2, Altel) нөмірлері арқылы қолжетімді.

Басқа материалдар

Back to top button