Жаңалықтар

«Казцинк»-пен 3 млрд теңгеге offtake-шартын жасасты

Ел аумағында QazIndustry мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы – жеткізушілерді дамыту қызметі басталды. Оның іске қосылғаны туралы «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

Кездесуде жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мүмкіндіктері туралы әңгімелеумен қатар, нақты бір қадам жасалды. «Казцинк» ЖШС алты қарағандылық кәсіпорынмен өзара ынтымақтастық ниеті туралы шарт (offtake-шарттар) жасасты. Әлеуетті жеткізушілердің қатарында – «Фирма Углемеханизация» ЖШС, «Вира-Майна Казахстан», «АлбаСтройДор» және тағы басқалар бар. Тауарлар мен қызметтерді сатып алудың жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам.
– Халық тұтынатын тауарлар өндірісін қолдау үшін Үкімет 600 млрд теңге бөлді. Осыған байланысты Палата алаңында бизнес жобаларын қаржыландыру сатысынан бастап, туындаған проблемаларды шешуге мониторинг және жәрдем көрсететін Жобалық кеңсе құрылды. Біз осы жылдан бастап Индустриялық сертификат береміз, соның арқасында өнім беруші өзінің өндірістік қуаттылығын растай алады. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді, – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов.
«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, жеткізушілерді дамыту қызметі шағын және орта бизнес субъектілерінің елдегі ірі компаниялармен нарықтық байланыстарын кеңейтумен айналысады. Бірінші кезекте бағдарлама газ, мұнай, металлургия және кен өндіру салаларындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылмақ, – деп атап өтті ол.
Дөңгелек үстел барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен отандық өндірушілер: «Инкар-1» ЖШС, «Казтехноресур» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.


Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша.

Басқа материалдар

Back to top button