Спорт

«Kazfighter» Туы Түркістан төрінде

Тұранның төрі – Түркістанда  жекпе-жектен Alash Pride 102 турнирі өтті. Ең жеңіл салмақтағы және жеңіліп көрмеген Alash Pride чемпионы Саламат Исбулаев чемпиондық атағын алғаш рет  осы турнирде қорғап, шешен жауынгерін уақытынан бұрын жеңді. Ал, турнирдің ең жарқын жекпе-жегі қарағандылық «Kazfighter» жекпе-жек клубының жауынгері Кирилл Литвиненко мен жеңіліп көрмеген қырғыз спортшысы Шайдулла Курбанов арасында өтті.

Сурет автордан

Жалпы, сайысқа түскен 26 жауынгердің тең жартысы  – өзбек, қырғыз, тәжік пен шешен ұлтының  азаматтары. Турнир бойынша өткен 13 жекпе-жектің барлығы да тартысты әрі жойқын соққыларымен жанкүйерлер назарын аудара білді. Оның бірі  – аса ауыр салмақтағы жекпе-жек өзбек спортшысы Феруз Юсуфжанов пен астаналық Расул Хатаевтің жекпе-жегі. Қос жауынгердің салмағы ауыр болғандықтан олар сегізбұрышта көп тәжікелеспеді. Бәрін өзбек спортшысының аяққа ұмтылып қарсыласын партерге құлатпақ болғанынан басталды. Бұл сәтті өз пайдасына асырған Расул Хатаев грэпплинг күресінің әдісімен қарсыласының арқасына өтіп, басынан жойқын соққылар жасап, жекпе-жекті уақытынан бұ­рын аяқтады.

Ал, турнирдің жоғарыда айт­қан ең жарқын көрінісі атанған қарағандылық Кирилл мен қырғыз жауынгері Шайдулланың сегіз бұрыштағы айқасы көптің есінде қалары сөзсіз. Сонымен, қырғыз жауынгері  – бұған дейін үш жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде уақытынан бұрын аяқтап, жауырыны жер иіскемеген жауынгер. Кирилл де бұған дейінгі төрт кездесуінің бірде-бірінде қарсыласқа есе жібермеген еді. Алаңға шығысымен қос арыстанның көздегені  – тек бір ғана соққымен кездесу тағдырын шешіп, белбеуге белдесер жол ашу. Жекпе-жек басталды. Қос жауынгер алаң ортасында арбасу керек еді. Алайда, екеуінің де арбасып, бірін-бірінің қапысын таппаққа аялдар түрі жоқ. Алғаш соққыларды қырғыз спортшысы жасап үлгерді. Бұл ретте Кирилл­дің қабырғасына өткен аяқпен жасалған хай кик соққысы болды. Дәл осы сәтте Кириллдің бұрышындағы бапкерлер мен секундтардан «жиналып әрекет жаса» деген дауыстар шықты. Бұдан кейін сақ қимылдап жинақы әрекет жасаған қазақстандық қарсыласына қолымен 2-3 соққы  дарытқаны сол-ақ екен қырғыз жауынгері аяққа ұмтылып күреске кірісе кетті. Осы бетте салқынқандылық  танытқан Кирилл өте шебер әрі ұтымды әрекет жасады. Ол қарсыластың еңкейе берген мойнын білегіне іліп үлгеріп, екінші қолымен буындыруға көшті. Ал, қос аяғын қарсылас беліне орап, кере тартып, одан сайын қырғыз жауынгерін тұншықтыра түсті. Бұл жекпе-жектің алғашқы раундының тек бірінші минуты ғана еді. Осылайша, көп ентікпестен қарсыласын қапы қалдырған Кирилл Литвиненко жеңіске жетті. Осы бір сәтте Түркістан халқы орындарынан тұрып кетті. Алаң ырду-дырду, у-шуға толы. Бұл қазақ жанкүйерлерінің қуанышы болатын. Олар алаң сыртындағы күзетшілерге қарамастан Кириллға келіп, өз ықыластарын білдірді.

– Бұл жеңіс менің еліме, туған жеріме – Қарағандыма арналады. Ардақты ағайындар, сіздер көр­діңіздер  жекпе-жекті. Енді мен белбеу үшін жекпе-жек өткізуге лайықтымын ба?! Егер лайықты десеңіздер, маған қолдау білдіре түсіңіздер. Құрметті Alash Pride ұйымының Түркістан облысындағы төрағасы Мұрат Аханов аға, Бразилия спортшысының қолындағы менің салмағымдағы жекпе-жек белбеуін елге қайтаруға күш салайық. Сіз маған сол бразилиялықпен жекпе-жек ұйымдастырып берсеңіз екен деген тілегім бар. Мен белбеуді елге әкелу үшін қолымнан келгенін жасаймын және ол белбеуді аламын, – деді жауынгер жеңісінен соң.

Бұл сұрауға Мұрат Аханов келісімін берді. Бразилиялықтың қолындағы белбеуді алу үшін алда тағы жекпе-жек ұйымдастырылатынын айтып өтті.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button