Картинада өмір тұр
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында белгілі қылқалам шебері, Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, «Атом» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің «Жарқын өмір жаршысы» атты жеке көрмесі өтуде.

Әйгілі суретшінің қаламынан туған туындылары әлемнің көптеген елдерінде көрмеге қойылып, лайықты бағасын алған болатын.
– Аталмыш көрме «Ядролық қарусыз болашақ үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы, суретші Кәріпбек Күйіковтің 55 жас мерейтойына арналып ұйымдастырылып отыр. Көрмеге 34 жұмыс қойылды, оның ішінде биыл салынған жаңа туындылары да бар. Қылқалам шеберінің шетелдегі сапарларынан алған әсері де бүгінгі көрмеге қойылған шығармашылығына арқау болған. Барлық картиналардың түстері қанық, жарқын және көзді арбайды, – дейді мұражай директоры Бибігүл Құдабаева.
Көрмеге қойылған картиналардың ішінде суретшінің көптеген пейзаждары, портреттері бар. Туындылары сұранысқа ие суретшінің аталмыш жеке көрмесі 1 қазанға дейін жалғасады деп жоспарлануда.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ