Спорт

Қарағандыда каратэден (WKF) жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Қарағандыда каратэден (WKF) жастар және жасөспірімдер арасында ел чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додаға 15 облыстан 700-ге жуық спортшы қатысып, өнерлерін ортаға салған. Айта кетейік, аталған чемпионат төрт күнге созылды. Турнирдің ашылу салтанатына дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетің атқарушы Берік Досымбеков қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында Қазақстан каратэ одағы-федерациясының вице-президенті Болат Хавлахат, Мемлекеттік жаттықтырушы және Қазақстан каратэ федерациясының атқарушы директоры Майя Баймағанбетова мен Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы Асқар Молдағали да арнайы қатысты.

– Әуелі киелі Сарыарқа жерінде қош келдіңіздер! Бүгінгі күн – әр спортшы үшін аса маңызды белес. Каратэ (WKF) – бұқаралық сипатқа ие, кең қанат жайған спорт түрі. Сондықтан, бүгінгі сәт – жай ғана кезекті жарыс емес, ертеңгі тарихтың бастауы. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Берік Мырзаұлы.

Жарыстың алғашқы күні 15-20 жас аралығындағы жасөспірімдер татамиде өзара күш сынасты. Ал, екінші күні 15-17 жас санатындағы ұлдар мен қыздар арасында бәсекелер басталған. Солардың қатарында қарағандылық Аревика Зограбян да бар. Жерлесіміз 14-15 жас санатында 47 келі салмақта сынға түсіп, алтыннан алқа тақты.

– Ақтық кезеңге дейін үш жекпе-жек өткіздім. Қарсыластарым осал емес. Ақтық кезеңде шымкенттік спортшымен кездесіп, жеңіске жеттім. Бұған дейін біршама байрақты турнирлерге қатысқанмын. Соның басым бөлігінде тұғырдан көріндім. Осы турнирдің өтетінін естіп, бір ай бұрын тыңғылықты дайындалдым, – деді спортшы.

Сонымен қатар, 16-17 жас санатында +76 келі салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Станислав Сухоруков та қарсылас шақ келтірмеді. Ол да ақтық кезеңге дейін үш кездесу өткізген. Ақтық кезеңде Ақтөбе облысының спортшыны жеңіп, облыс қоржынына алтын жүлде салды.

– Осы спорттың түрімен шұғылданып жүргеніме жеті жылдан асты. Осынша жыл ішінде жеткен азды-көпті жетістігім бар. Десе де, осы жолғы турнирге ерекше дайындықпен келдім. Қарсыластарым осал емес. Кіл мықтылар. Жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді салдым. Нәтижесінде, жеңіске жеттім. Қарсыластарың мықты болса, жеңістің дәмі солғұрлым тәтті болады екен, – деді Станислав.

Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button