Карантин талабын бұзғандар айыппұл төлейді және қамауға алынады
Қарағанды облысында карантин режимі талаптарының сақталуын арнайы жасақталған мобильді топтар қадағалайды. Олардың құрамына учаскелік полиция инспекторлары, санитарлық қызмет мамандары және еріктілер кірді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 сәуірге дейін тәртіп бұзғаны үшін 233 әкімшілік хаттама толтырылған. Сот шешімімен 151 адам айыппұл төлеу, қамауға алу және ескерту түрінде жауапкершілікке тартылды. Тағы 82 хаттама қарастырылуда.
Бұдан бөлек, облыс орталығында түнгі серуеннің алдын алу бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Беймезгіл уақытта серуендеуге шыққан азаматтарға карантин талаптары түсіндірілді және медициналық бетперде таратылды.
Осы орайда, карантин кезінде шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығына тоқтала кеткен жөн. Сыртқа, тек, қажет болған жағдайда ғана шығыңыз. Үй жануарларын бір мезгіл аулаға шығарып, серуендеуге рұқсат беріледі. Кәмелетке толмаған балалар ересектерсіз көшеге шыға алмайды. Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдардың үйден шықпағаны дұрыс.