Карантин кезіндегі еңбектері еленді
Бүгін Қарағанды облысындағы карантин шаралары аясындағы іс-қимылдарға белсене қатысқан бірқатар әскери қызметшілер, еріктілер мен БАҚ өкілдерінің еңбегі еленіп, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ, Қарағанды қаласы әкімінің, «Астана» өңірлік қолбасшылығы мен Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының Алғыс хаттарына ие болды.
Осыдан біршама уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақырғаны белгілі. Соған орай, еліміз бойынша екі мыңнан астам адам Отан алдындағы парызын өтеуге, төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерге үлес қосуға ниет білдірген болатын. Олардың қатарында 95 қарағандылық бар еді. Бүгін сол ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтардың еңбектері еленіп, құрметке бөленді.
Әскери жиынға шақырылғандардың арасында шағын және орта бизнес секторында еңбек етіп, уақытша жұмыссыз қалғандары да бар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, медициналық білімі бар 17 адам да әскери сапқа тұрған. Олар бір ай бойы маңызды нысандарды санитарлық тазалау жұмысымен шұғылданып, санитарлық бақылау бекеттерінде кезекшілікте болды.
– Бір ай бойы карантин шаралары шеңберіндегі іс-қимылдарға қатыстық. Аулалар мен іргелес аумақтарды, үйлердің кіреберістерін, балалар мен спорт алаңдарын залалсыздандырдық. Маған топтың жұмысын үйлестіру және аппараттардағы химиялық сұйықтық құрамының толық болуын қадағалау міндеті жүктелді. Біз осы жиында бір-бірімізбен етене араласып кеттік. Арамызда өзінің адал еңбегімен тапқан жалақысын қайырымдылыққа жұмсау жөнінде шешім қабылдаған азаматтар да бар, – дейді ерікті Рустам Жаналиев.
«Ресми түрде карантиндік іс-шараларға қатысуға шақырылған жұмыссыздарға барлық қажетті әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде, есеп-шоттарына зейнетақы және медициналық сақтандыру төлемдері аударылады. Ал, қалған құрамға жалақы туралы анықтамаға сәйкес, орташа айлық жалақы беріледі. Бүгінгі күнге дейін әскери қызметшілер Қарағанды мен Теміртауда 9 млн. шаршы метр аумақты дезинфекциялады», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Жомарт Жылқыбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев марапатталушыларға атқарған жүйелі әрі нәтижелі жұмысы үшін шынайы алғысын білдіріп, алдағы кезеңдегі тірліктеріне сәттілік тіледі. Өз кезегінде «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мереке Күшікбаев карантин кезеңінде қапысыз қызмет атқарған әскери қызметшілер еңбегінің маңыздылығын айрықша атап өтті.
Орайы келгенде, күрделі шақта күнделікті қызметімен ерекшеленіп, халыққа дер кезінде шынайы хабар таратқан топ құрамында болған «Saryarqa Aqparat» медиа-холдингі «Life09» ақпараттық порталының телеоператоры Жасұлан Мақұлбеков облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»