Карантин аяқталған соң…
Төтенше жағдайда таңның атысы, күннің батысы еріксіз үйлерінде болуға мәжбүр күй кешкен елдің басым денінің «Әй, осы карантин бір бітсін. Сонан соң ба, сонан соң…» – деп қандай да бір жоспар құрғанына шек келтіруге болмайды. Соны ескеріп, «Карантин біткен соң ең бірінші не істейсіз?», «Қайда барасыз?» деген сауалдарға жауап іздеген едік. Әлеуметтік желі арқылы да сауалнама жүргізгенбіз, әуелі, соған назар аударсақ…
«Карантин біткен соң бірден шаштаразға барамын» – деген жауап ерлерден де, әйелдер қауымынан да көп келді. «Балық аулауға, моншаға барамын» дегендер де кездесті.. Енді өзіміз тікелей хабарласқандардың пікірін зерделесек, «Карантин біткен соң бірден автоЦОН-ға барамын. Үш көлігімді рәсімдеу жұмысы тежеліп тұр. Сатып алушылар құнының 80 пайызын беріп қойған. Egov.kz арқылы рәсімдей алмадық. Сол шаруаларды реттеу керек» – дейді көлік сатумен айналысатын танысым. Бойынан қазақылығы арылмаған Данияр есімді азаматтың жауабы еріксіз езу тартқызады һәм ойландырады: «Шақырып үлгере алмай қалған кісілерім бар еді. Сыбағалары дайын тұр. Сол кісілерге дәм татқызамын. Ауызашарға дөп түсіп тұр. «Бір оқпен екі қоян ату» деген осы шығар…» – дейді ағеділ бауырым.
Шағын бизнестегі жігіттердің де ойында не барын білдік. Төтенше жағдайда «соққы тиген» сектордың бірі – осы сала. «Менің жылдам даярланатын тағам әзірлейтін шағын дәмханам бар. Төтенше жағдай талабы күшіне енгенде, дағдарып қалғаным рас. Дегенмен, карантиннің екінші күні Майқұдық шағынауданы бойынша жеткізіп беру қызметін іске қостым. Қарамағымдағы қыз-жігіттердің де табыстан қағылмауын ойлап, осықадамға тәуекел еттім. Алғашқыда жұмыс жүре қоймады. Заманауи технологияны пайдаланып, әлеуметтік желілерге таргет (желідегі жарнама) жібердік. Сол-ақ екен қызметіміз жандана бастады. Қаржы айналымы, әрине, әдеттегіден төменірек. Дегенмен, карантин біздің бойымыздағы басқа да қабілеттерді ашуға септігін тигізді. Енді, төтенше жағдай аяқталған соң бұл бағытты қоса алып жүру – жоспарда. Негізі, бір салада ғана бизнес жүргізу дұрыс емес екен. Осындайда, бір бизнесің тұралап қалса, екіншісі жұмыс істей беретіндей басқа бағыттағы кәсібің де болғаны жөн секілді» – дейді жас кәсіпкер Шыңғыс Жүкенов. Карантиннен соң киелі жерлерді аралағысы келетіндер мен тіл үйірмелеріне баруды жоспарлап отырғандар да бар. Ел жақтағы ағайынтуыстан «Карантин бізге сезілген жоқ. Мал – жайылымда, егін салынып жатыр» – деген жауап естідік.
Қалай десек те, төтенше жағдай тәубемізге келтірді. Әлдеқандай күн туса, қазіргі кәсібінің қажетсіз болып қаларын түсінгендер де бар. Сондықтан, карантиннен кейін жан-жақты болуға талпынғаныңыз дұрыс.
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.