Жаңалықтар

Кадрда – қорықшы қадірі

Қызмет барысында қаза тапқан қорықшыларға деген құрмет толастамауға тиіс. Әрине, сөзсіз лайық саналған соң. Бұл жолы Ерлан НҰРҒАЛИЕВ пен Қаныш НҰРТАЗИНОВҚА арналған «Дала» көркем фильмі таспалануда. Түсірілім сәтімен болса, жаңа фильм келесі жылы көрерменге жол тартады.

Картинаның режиссері әрі продюсері – Максим Акбаров. Ал, басты рөлдерді белгілі актерлар – Азат Сейтметов пен Дәурен Серғазин сомдайды. Қазіргі уақытта түсірілім тобы Ақмола облысында қытымыр қыстың көріністерін таспалау үстінде. Жаз уақытындағы кадрларды Наурызым мен Қорғалжын қорығында түсірмек.

Режиссердің айтуынша, шығармашылық топты арқаның ақтүтек бораны әжептеуір әбігерге салыпты. Тіпті, актерлердің бірі жоғалып кетіп, абырой болғанда құтқарушылардың көмегімен табылыпты.

– Фильмнің сюжеті қаза болған қорықшылардың шынайы оқиғасымен байланысты емес. Біздің кейіпкерлеріміз «Охотзоопром» инспекторларының прототиптері, ұжымдық бейнесінің жиынтығы деп айтсақ болады. Бірақ, фильм марқұм қорықшылардың құрметіне арналады, – дейді кино режиссері.

Фильмді түсіруді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қолдауымен Golden Man Media компаниясы қолға алып отыр. Және шығармашылық топпен «Охотзоопром» өкілдері қорықшылардың өмірі, қызмет барысындағы қызық-шыжығымен бөлісіп жатыр екен. Естеліктер жаңа фильмнің мазмұнына арқау болмақ.

«Жаңа туындының тұсаукесерін кинотеатрлар жабық кезде өткізбей, карантин алынған соң, жарыққа шығарсақ» дейді режиссер.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button