Кадр тұрақсыздығы жоқ
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қазынашылық жүйесі үлкен қалыптасу сатыларынан өтіп, қазіргі таңда ел қазынасын тиімді басқарып, экономиканың артуына жəне қоғамның əлеуметтік дамуына өз үлесін қосуда.
Ел егемендігінің басты көрсеткіштерінің бірі – төл теңгеміз айналымға енгізілгеннен кейін халықаралық стандарттарға сəйкес, қазынашылық жүйесін құру мəселесі көтерілді. Осыған байланысты, 1994 жылы ел Президентінің Жарлығымен қазынашылық жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынды.
Бұл шараларды іске асыру мақсатында еліміздің барлық аудандарында бір бірліктен қазынашы лауазымы ашылып, біздің ауданда алғашқы қазынашы болып Бейбіт Жұманбаев қызмет атқарды.
Бұл қазынашылардың басты міндеттері – республикалық бюджеттің шығыс операцияларын қадағалау болатын. Ал, мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалысын өңірлердегі Ұлттық банкінің кассалық есептеу орталықтары жүзеге асырып отырды. Осы орталықтар кейіннен Бюджет банкі деген атпен қайта ұйымдастырылып, дайындық жұмыстары атқарылғаннан кейін 1998 жылдан бастап Қазынашылық қарамағына беріліп, барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалысына қызмет жасай бастады. Бюджет банкі бөлімшесінің барлық мамандары «маман – қазынашы» деген жаңа қызметке қабылданып өз міндеттерін орындауға кірісті.
Бұл жұмыстарды іске асыру – ұйымдастыру барысында бірқатар қиыншылықтар да болды. Осы кезде жүйені талапқа сай жаңа компьютерлермен, басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оларды игеру жұмыстары қоса атқарылып жатты. Сол жылдары біздің шалғайдағы Қарқаралы ауданында электр қуатымен қамтамасыз ету төрт айға тоқтатылды. Содан жұмысты тоқтатпас үшін қосалқы дизель-генератор қосылған аудандық телекоммуникация мекемесінде кешкі сағат 18.00-ден – 24.00 сағатқа дейін қазынашылық операцияларын жасап отырдық.
Қандай қиындықты өткерсе де, қазынашылар келешекке зор сеніммен қызмет етті. Кадр тұрақсыздығы орын алған жоқ. Қарқаралы аудандық қазынашылық басқармасында қазынашылық талаптарына сай жоғары білікті сол жылдары 15 жауапты қызметкерлер жұмыс жасады. Туындалған мəселелерді уақытында дұрыс шешуге Қарағанды облыстық қазынашылық басқармасының да ықпалы зор болды. Айта кету керек, сол кездегі тікелей басшымыз Вера Кротова (марқұм) бастаған облыстық басқарманың дер кезінде, дұрыс қабылдаған шараларының арқасында барлық мəселелер өз шешімдерін тауып жатты. Облыс қазынашыларын бір ұжымға біріктіріп, ортақ мүддеге жұмылдыра білген басшы мамандардың көбісі бұл күндері зейнеткерлік демалыста, əлі де жастарға айтары мол құрметті азаматтар.
Сонау егемен ел болып, елдігімізді бекітіп, төл теңгемізді айналымға енгізген жылдары осы саланы игеруге күн демей түн демей атсалысқан, КСРО-ның кезіндегі мемлекеттік банк жүйесінде қызмет етіп, қазынашылық басқармасының құрылған күнінен аянбай тер төгіп, еңбек еткен Г.Мұстафина, М.Ахметова, Ж.Жантурина, А.Мустафина, Н.Дюсембаева, Қ. Башеева, Ж.Төлеубаева қатарлы ардагер-қазынашыларымыздың қазынашылық саласының дамуына қосқан үлестері өте зор болды.
Осы үрдісті жалғастырып келе жатқан Г.Разбекова, Г.Жұмаділова, Н.Жұманбаева сияқты білікті мамандарымыздың, кейінгі толқын А.Бейсембаев, А.Қашағанова, Т.Құлжанбекова, А.Жұманбаева тəрізді жас қазынашыларға берер тəлім-тəрбиелері мол екенін де айта кетпеске болмас.
Қазынашымыз Серік Тəуекелов қазіргі таңда Шахтинск қалалық қазынашылық басқармасының басшысы болып қызмет етсе, Бейбіт Жұманбаев Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімін талай жыл басқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Ардақ Білəлов Бұқар жырау аудандық қазынашылық басқармасының басшысы қызметінде.
Мен Қарқаралы аудандық қазынашылық басқармасы басшысы лауазымын басқарма құрылған күннен бастап атқарып келемін. Талай жылғы еңбегім əріптестер арасында атаусыз да қалған емес. Қаржы министрінің, Қазынашылық комитетінің, Қарағанды облыстық қазынашылық департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталдым. «Қазынашылық саласының үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Қаржы саласының үздігі» төсбелгісінің жəне Қазынашылық саласының 30 жылдық медалінің иегерімін.
Қазынашылық жүйесінде бірінші бағдарламалық қамтамасыз ету БАСК-М қызметі 2003 жыл қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі деп аталатын Oracle платформасында мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі қазіргі қолданыстағы ақпараттық жүйеге жаңғыртылды. Бұл бірегей əрі ТМД елдері арасында жоғарғы бағаға ие болған жүйе.
Қарағанды облысы бойынша Қазынашылық Департаментінде қазынашылық жүйесінің бағдарламаларының жаңадан енгізілуіне байланысты «Қазынашылық-клиент», бағдарламасы сəтті енгізіліп жұмыс жасауда. Бұл бағдарлама төлемдердің өтуін жəне өңделуін тездетеді, мемлекеттік мекемелер үшін олардың электронды-қаржылық құжаттарының қозғалысының барысын айқындатады жəне бюджеттің орындалу уақытын жəне дəл болуын қамтамасыз етеді.
Электрондық құжат айналымының халықаралық стандартының енгізілуіне байланысты 2012 жылы қаңтар айынан бастап, аудан мекемелері қаражат құжаттарын электрондық сандық қол арқылы тапсырады.
Қарқаралы аудандық қазынашылық басқармасы қазіргі таңда заманауи техникамен жабдықталып, өз ісіне берілген қазынашы мамандармен толығымен қамтылып, «Қазынашылық-Клиент» жүйесінде мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалысына қызмет жасауда.
2017 жылдан бастап, жергілікті өзін-өзі басқарудың төртінші деңгейіндегі бюджеті, барлық ауылдық округтерде сəтті енгізіліп, оларға қазынашылық қызметі көрсетілуде. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарына сəйкес, бұл жұмыстар келешекте де жалғасын тауып сəтті атқарыла беретін болады.
Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Қазынашылық комитеті Қарағанды облысы бойынша Қазынашылық Департаментінің Қарқаралы аудандық қазынашылық басқармасы – бұл мемлекеттік қаржының атқарылуы жөніндегі жаңа жүйеде жазылғандай – Қазынашылық аумақтық басқармалары республикалық, жергілікті бюджеттерден жəне мемлекеттік бюджеттен тыс қорлардан бөлінетін қаражаттардың толық жəне мақсатты қолдануын бақылайтын жəне жүзеге асыратын бірден бір қызмет көрсету саласы болып табылады.
Яғни, республикалық жəне жергілікті бюджеттің кассалық орындалуын ағымдағы бақылау мен нақты жүзеге асыру жұмыстары біздің жұмыстың ең маңызды мақсаты болып табылады. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік қаржы есебінен төленетін барлық еңбекақылар, əлеуметтік төлемдер, салынып жатқан құрылыстар мен жолдар тағы да басқа төлемдердің уақытында, толықтай жəне мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді деген сөз.
Жобалау-сметалық құны екі миллиардтан асатын күрделі құрылыстар «Қазынашылық сүйемелдеу» бағдарламасы арқылы қадағаланады. Яғни, құрылыс толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенге дейін бөлінген қаржының əрбір тиыны осы жобаның жүзеге асуына жұмсалынып, басқа шығындарға жол берілмеуі қазынашылықтың назарында болады.
Осы бағдарлама бойынша ауданымызда «Жарлы – Қарқаралы» су құбыры салынып, үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Тəуелсіз Отанымыздың мемлекеттік басқару жүйесінде өз орнын айқындап, жүйелі түрде қызмет жасап келе жатқан қазынашылық құрылымының 30 жылдық мерейтойымен барлық əріптестерімді құттықтаймын. Экономиканың дамуына, төл теңгеміздің тұрақтылығына орай жасаған нəтижелі қызметін келешекте де жалғастырып, көздеген мақсаттың орындала беруіне барлық қазынашыларымыз өз үлесін қосатынына сенемін.
Мұрат ТОЙЫНБЕКОВ,
Қарқаралы аудандық қазынашылық басқарма басшысы, Қаржы саласының үздігі.