Жаңалықтар

Кабул

Шабуылды «ИГ» мойнына алды

30 тамыз, дүйсенбі күні Кабул әуежайын зымыранмен атқылауды да «Ислам мемлекеті» («ИГ») (көптеген елдерде тыйым салынған) өз мойнына алды деп хабарлады ИМ-мен байланыстағы Nashеr News Telegram-каналда.

Таңертеңгілік АҚШ-тың зымыраннан қорғау жүйесі Кабул әуежайына жіберілген бес зымыранды ұстап қалған.

«Құдайдың құдіретімен халифаттың жауынгерлері Кабулдың халықаралық әуежайын алты «Катюша» зымыранымен атқылады» делінген хабарламада.

БАҚ-та алты зымыранның бірінің әуежай аумағына түскені хабарланды. АҚШ-тың Ақ үйінен зымыранмен атқылау әуежайдың жұмысына кедергі келтірген жоқ, бұл туралы президент Джо Байденге хабарланды деп мәлімденген.

Ауғанстанда билікті тәлібтер («Талибан» көптеген елдерде тыйым салынған қозғалыс) басып алған соң Кабул әуежайында шетелдік азаматтар мен ауғандықтарды эвакуациялау әлі де жалғасуда.

Бұдан бұрын, 26 тамыз күні, Кабул әуежайында күшті жарылыс болып, 200-ге тарта адам, оның ішінде АҚШ-тың 13 әскери қызметшісі бар, қазаға ұшыраған, көптеген адам жарақат алған еді. Бұл террорлық актіні «Вилят Хоросан» (көптеген елдерде тыйым салынған) содырлары мойнына алған болатын.

Солтүстік Кореяда ядролық реактор іске қосылған

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) көптеген белгілерге қарағанда Ким Чен Ын мен Дональд Трамп Сингапурда 2018 жылғы желтоқсанда кездескен соң КНДР-дің Йонбёне қаласында тоқтатылған атом реакторы қайтадан іске қосылған сияқты деп хабарлады.

Солтүстік Корея 2009 жылы МАГАТЭ-мен қатынасты үзген болатын, қазір оның инспекторларын өздеріне кіргізбейді. Бұл елдің ядролық бағдарламасының жағдайы спутник арқылы бақыланады. Спутниктің фотосуреттеріне қарағанда осы жылдың шілде айында ядролық орталықтың жанындағы резервуарларда реакторды салқындатуға арналған судың айналысы байқалған. Бұдан ол қайтадан іске қосылды деп тұжырым жасауға болады.

Пхеньян ғылыми-зерттеу деп отырған Йонбёнедегі кешен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасының басты буыны. Халықаралық сарапшылар КНДР қанша плутоний бомбасына ие екендігін білмек мақсатта оның өнімділігін анықтау мақсатында оған ғарыштан бақылау жасаған.

МАГАТЭ-нің баянхатында пайдаланылған ядролық отынды қару-жарақтық плутонийге қолдану үшін қайта өңдейтін радиохимиялық зертхана кешін туралы айтылған. Деректерге қарағанда ол реактор іске қосылғаннан бастап бес ай бойы жұмыс істеп тұр. Реактор мен зертхананың іске қосылуы үлкен алаңдаушылық туғызуда, өйткені бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын көпе-көрнеу бұзу болып саналады.

Солтүстік Корея алтыншы, яғни осы уақытқа дейінгі соңғы сынақты 2017 жылы 3 қыркүйекте жасаған. Қуаты 5 мегеватт реактор Пхеньян үшін қару-жарақтық плутонийдің бірден-бір көзі болып табылады. Ресми емес деректерге қарағанда Ким Чен Ын егер Солтүстік Кореяға салынған санкцияны алып тастайтын болса, оны бөлшектеп бұзуға дайын екенін білдірген. Бірақ бұл ұсынысты АҚШ президенті қолдамаған.

Биылғы жылдың қаңтарында Ким Чен Ын өзінің ядролық бағдарламасын жалғастыруға уәде берген. Оның сөзіне қарағанда Солтүстік Кореяның мамандары шағын тактикалық оқтұмсық та, аса қуатты сутегі бомбасын да шығара алады.

Бірақ әлі күнге дейін бұл бағытта қандай да болмасын жұмыс жүргізіліп жатқандығының белгісі байқалмайды. Оған елдегі экономикалық жағдай және азық-түліктің жетіспеушілігі әсерін тигізіп отырған сияқты. Енді бірдеңе өзгеруге тиіс. Әзірше тек спутниктен түсірілген фотосуреттен басқа сарапшылардың нақты ақпарат алуына мүмкіндігі болмай отыр. Бірақ МАГАТЭ соңғы оқиғаны «өте өкінішті жағдай» деп атап өткен.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button