Көздегенге қол жеткізген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыру және кәсіпкерлік белсенділікті қолдау мақсатында бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грант мөлшері екі есеге ұлғайды. Бұрынғы 200 АЕК (612 600 теңге) көлеміндегі грант сомасы бүгінде 400 АЕК-ке немесе 1 476 800 теңгеге жетіп отыр. Бұл бастама Қарағанды облысында нақты нәтижесін беруде. Облыста 2024 жылы 178 тұрғын өз кәсібін бастау үшін грант алып, жеке ісін ашты.

Олардың басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Атап айтсақ, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар. Олар бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз өмірлерін түбегейлі өзгертті, өз бетінше табыс тауып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашты.
Қарағандылық Гүлқаш Ошанова – сондай азаматшалардың бірі. Өмірінің көп бөлігін медицина саласына арнаған, хирургиялық операцияларда медбике болып еңбек еткен ол ауыр дерт салдарынан жұмысынан кетуге мәжбүр болады. Он жылдан астам уақыт жұмыссыз отырған оның отбасындағы жолдасы да еңбекке жарамсыз.
Алайда, ол үмітін үзбей, ұлымен бірге жаңа бағытқа бет бұрады. Гүлқаш Ошанова бүгінде ұлттық спорт түрі – садақ атуды насихаттайтын орталық ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Садақ ату – қазақтың бай мәдениеті мен тарихының бір бөлігі. Бұл спорт түрі тек физикалық қабілеттерді ғана емес, сондай-ақ, рухани күшті де қажет етеді. Қазіргі заманда бұл ұлттық спорт түрін жастар арасында кеңінен насихаттау – ұлттың рухын көтеруге, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Садақ ату қазақ халқының батырлық дәстүрін, ерлікті, намыс пен жігерді қайта жаңғыртып қана қоймай, жастарды мақсатқа жету үшін күш-жігерін жұмсауға үйретеді, – дейді Гүлқаш Ошанова.
Кәсіпкердің ұлы Жасұлан – бұрын әскери қызметте болған, қазір мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Ол осы грант бағдарламасы туралы айтып, бизнес-жоспар құруға көмектескен.
– «Бастау бизнес» курстарында кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, жобамды сәтті қорғадым. Қажетті жабдықтарды сатып алуға және залды жалға алуға бір жарым миллион теңгеге жуық қаржы жеткілікті болды. Былтырғы тамыздан бастап жұмыс істеп келеміз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде садақ ату сабағы жазылу арқылы өткізіледі. Ұлы Жасұлан балалар мен ересектерге үйретіп, спорттың бұл түрін кеңінен танытуда. Бұл кәсіп тек табыс көзі ғана емес, ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын үлгісі. Садақ ату – тек спорт емес, ол адамның зейінін, шыдамдылығын, батылдық пен жеңіске ұмтылысын тәрбиелейді.– Мен кәсіп жүргізіп отырмын, ал, ұлым жаттықтырумен айналысады. Бұл – отбасылық іс. Ұлттық спортты дамыту арқылы жастардың бойына рухани күш, ептілік пен намыс дарытқымыз келеді. Ұлттық спортты дамыту арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де үлес қосуға болады. Әлеуметтік кәсіпкерлік пен ұлттық спорттың байланысы – адамдарға тек дене шынықтырумен шектелмей, рухани және әлеуметтік тұрғыда да көмек көрсету, ұрпаққа жақсы тәрбие беру, – дейді кәсіпкер.
Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы мамандарының айтуынша, биыл бұл көрсеткіш артады.
– Гранттар өтеусіз түрде беріледі. Бірақ жобаның іске асырылуына, қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізіледі. Бұл – тиімді әрі жауапты қолдау құралы, – дейді олар.
Гүлқаш Ошанованың табандылығы мен баласының қолдауы – елімізде мемлекеттік бағдарламалар дұрыс бағытта іске асса, өмірді жаңадан бастауға ешқашан кеш емес екенін айғақтайды.
Кәсіпкердің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік пен ұлттық спорт арасындағы байланыс, әсіресе, жастарға бағытталған бағдарламаларда айқын көрінеді. Мысалы, қоғамдағы әлсіз топтар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін садақ ату мен басқа ұлттық спорт түрлерін дамыту, оларды қоғаммен интеграциялауға көмектеседі. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру – екі мақсаттың үндестігін білдіреді. Ұлттық спорттың кейбір түрлерін дамыту, әсіресе, халық арасында сауықтыру шараларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асыруға болады. Бұл ұлттық спорт түрлеріне қатысу арқылы адамдар тек физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірлік маңызды дағдыларды да үйренеді. Қоғамда мықты әйелдер кәсіпкерлік бастамалары арқылы қалыптасатынын көрсететін үлгі. Ұлттық спортты дамыту мен жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында жүзеге асатын осы тектес бастамалардың маңызы зор.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»