Жаңалықтар

Ардагер журналист Серік Сексеннің кәсіби жолы – өңірлік журналистиканың бірнеше кезеңін қамтиды

«Орталық Қазақстан» газетінің ардагер журналисі Серік Сексеннің кәсіби жолы – өңірлік журналистиканың бірнеше кезеңін қамтитын шығармашылық мектеп әскери қызметтен кейін типографияда газет басатын машинкадан бастаған ол аудандық басылымда жауапты хатшы, кейін облыстық бас газетте тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Интернет пен диктофонсыз, тек қағаз бен қаламға сүйенген кезеңде ақпаратты көзбен көріп, іссапарға шығып жазу журналист жұмысының басты қағидасы болды. Сұхбат барысында ардагер қаламгер бүгінгі журналистикадағы уақыт тапшылығы, жанрлардың азаюы, әлеуметтік желінің ықпалы, шындық пен жауапкершілік ара қатынасы туралы ой бөлісіп, Кеңес дәуірі мен Тәуелсіздік кезеңіндегі баспасөздің басты айырмашылықтарына тоқталады.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Журналистикаға келуіңізге не түрткі болды? Бұл таңдау тағдыр ма, әлде саналы шешім бе?

– Журналистикаға келу – мен үшін кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған таңдау. Бала күнімізден сөзге, өлеңге жақын өстік. 8-сыныптан бастап өлең жазып, аудандық газетке шағын мақалалар жолдай бастадық. Сол кезден-ақ баспасөздің ішкі әлемі өзіне тарта бастады. Мектеп бітірген соң бірден оқуға түспедім. Әуелі екі жыл әскерде болдым. Әскерден келгеннен кейін өмірдің басқа жолдары да ұсынылды. Ол кезде құрылыс отрядтары ашылып жатқан, әскерден келгендерді емтихансыз қабылдай беретін. Жездем сол салада істейтін, «еш қиындықсыз аламыз» деді. Бірақ, мен журналист болам деген ойымнан айнымадым. Іштей бұл мамандық менікі екенін сездім. Әскерден келген соң, 1970 жылдың аяғында Егіндібұлақтағы аудандық газетке бардым. Бірақ, редакцияда орын жоқ екен. Сонда типографияға газет басатын машинкаға адам керек болып шықты. Қаладан келіп істеп жүрген кісіден үйреніп, печатник болып екі жыл жұмыс істедім. Ара-тұра мақала жазып тұрдым. 1971 жылы ҚазГУ-ге бардым, бірақ, тарих пәнінен өте алмай қалдым. Ол кезде журналистикаға бар болғаны 50 адам қабылданатын. Конкурс өте жоғары еді. Келесі жылы, 1972 жылы тағы барып, емтихан тапсырдым.

Сол жылы Рамазан Сағымбеков деген азамат бізде редактор болған, бірақ, ол кезде ҚазГУ-де сабақ береді екен. Бір-бірімізді танымаймыз. Ауызша, жазбаша емтихандардан сәтті өттім. Сұрап жатыр ғой: «Қай жақтансың?» деп. «Егіндібұлақ» дедім. «Қу ауданы ма?» дейді. Сөйтсем, жерлесім екен. Содан оқуға түстім. Рамазан Сағымбеков кураторым болды.

Оқуды бітірген соң бірден «Орталыққа» орналасу оңай емес еді. Ол кезде «мүйізі қарағайдай» журналистер жүрді. 40-50 жыл тәжірибесі бар мықты мамандар жиналған. Солтүстік облыстарда қазақ тілінде газет болмағандықтан, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан жақтан келген қаламгерлер көп еді. Маған «әзірге Егіндібұлаққа бар, партияға өт, кейін көрерміз» деді. Аудандық газетке жауапты хатшы болып орналастым. Ол жерде жоғары білімді журналист жоқтың қасы еді, бәрі мектеп бітірген жастар болатын. Оларды үйретіп, газетті шығарып отырдық. Осы қызметте 4,5 жылдай болдым. Кейін Рамазан ағамыз хабарласып, «Орталықта» бос орын барын айтты. Сөйтіп, «Орталық Қазақстан» газетіне келдім.

– Алғашқы өткір материалдарыңыздың бірі фельетон болған екен…

– Иә, сол кездері фельетон жаздым. «Көк шыбындардың мерекесі» деген фельетон еді. Екі қабатты үйлердің жанында қоқыс уақытында алынбай, шыбын қаптап кететін. Сонда фельетонды шыбындардың атынан жаздым: «Бүгін біз үшін үлкен мереке, санэпидстанция жұмыс істемей жатыр», – деп қарындарын сипап отырғандай етіп суреттедім. Материал жарық көрген соң, санэпидстанцияның бастығы редакция­ға келіп, «Сексенов дегенді танисың ба?» деп сұрады. Танитынымды біліп тұрсам да, «жоқ, танымаймын» деп құтылып кеттім. Әйтпесе, ол кісі «жағын сындыруға келіп едім» деп ашық айтты. Сол сәтте фельетонның шынайы күші мен қауіптілігін сезіндім.

– Кеңес дәуіріндегі журналистика мен бүгінгі журналистиканың басты айырмашылығы неде?

– Айырмашылық – жер мен көктей. Біз ақпаратты көзбен көріп барып жазатынбыз. Іссапарға жиі шығатынбыз. Аптасына бір-екі рет ауылға, далаға жол тартамыз. Көлік жоқ, жолай адамдармен ілесіп кетеміз. Диктофон жоқ, интернет жоқ, фотоаппарат сирек. Бар құралымыз – қағаз бен қалам. Кешке келіп, машинкамен тереміз. Қазіргідей «баспасөз қызметінен ала салу» деген болмады. Әкіммен де бірге жүріп, көзбен көріп, көңілмен түйіп жазатынбыз. Ол уақытта қазіргідей желі жоқ, басқа ақпаратты ала алмайсың өзіңнің жинағаның көзбен көріп, тыңдағаның. Сым телефонмен ақпарат жинайтын қиын кез. Күнбе-күн беру қажет. Оңай емес еді. Күнделікті жаңалық табу үшін бірнеше жерде ақпарат алатын байланыс болу керек. Қазіргідей бәрі оңай емес-тін. Қазіргідей телефонға түсіріп, сала салу деген болмады. Оқиғаның ішінде жүру өз алдына, информаторың болу керек.

– Қазір жоғалып кеткен жанрлар туралы не айтасыз?

– Ең алдымен фельетон жоғалды. Қазір фельетон жазу қауіпті. Бұрын жазсаң, ең көп дегенде жұмыстан шығаратын. Ал, қазір бір бұрышта атып кетуі мүмкін. Сондықтан, бұл жанрдың ғұмыры қысқарды.

Екінші жоғалған жанр – көркем очерк. Біз малшының жанында түнеп, тракторист­пен бірге жүріп жазатынбыз. Қарапайым еңбек адамының ішкі әлемі, тегі, ойы, рухы ашылатын. Солардан үлкен көркем хикая шығатын. Қазір ондай дүние аз, себебі, барып-көріп жазу азайды.

Қазіргі журналистикада жанрлардың жоғалуы қоғаммен тікелей байланысты. Фельетон мен көркем очерк тек шеберлікті емес, азаматтық батылдықты, терең өмірлік тәжірибені талап етеді. Ал, бүгінгі медиакеңістікте жылдамдық пен қауіпсіздік алдыңғы орынға шықты. Соның салдарынан өткір ой мен көркем бейне екінші қатарға ысырылып, жанрлық байлық жұтаңдай түсті. Бұл үрдіс журналистиканың тәрбиелік, танымдық миссиясына кері әсер етіп отыр. Дегенмен, аталған жанрлардың қайта оралуы мүмкін емес деп айтуға болмайды. Қоғам шынайы кейіпкерге, тірі тағдырға, әділ сынға зәру болған сәтте көркем очерк пен фельетонға деген сұраныс қайта күшейеді. Ол үшін журналист қайтадан ел ішіне шығуы, адаммен бетпе-бет сөйлесуі, өмірді қағаздан емес, көзбен көріп, жүрекпен сезінуі қажет. Сонда ғана ұмыт бола бастаған жанрлар жаңаша сипатта қайта тыныс алуы мүмкін.

– Әлеуметтік желіге көзқарасыңыз қандай?

– Әлеуметтік желіні мүлде пайдаланбаймын деуге болады. Тек байланыс құралы ретінде ғана. Мақала жазғанда желідегі дерекке сүйенбеймін, сенбеймін. Мен үшін негізгі дерек кітап, архив, ресми құжат. Компьютерде де мақала термеймін. Қолмен жазамын. Кітапханаға барып, қағаз-қаламмен отыру – менің әдетім. Бұл – қаламгердің ақпаратқа немқұрайды қарамайтынын аңғартады. Әлеуметтік желідегі асығыс, тексерілмеген дерекке сену оған жат. Кітап пен архивке сүйеніп жазу – көп уақытты алады, бірақ, ойды орнықтырады, сөзге салмақ береді. Қолмен жазып, кітапханада отыру да – бекер әдет емес, ол журналисті сабырлы етеді, әр сөйлемін ойланып құрауға үйретеді. Осындай тәсіл арқылы жазылған дүниенің де оқырманға әсері бөлек болады.

– Бүгінгі публицистика, соның ішінде, ғылыми-танымдық бағыт туралы пікіріңіз қандай?

– Қазір ғылыми-танымдық публицистика жақсы дамып келеді. Ізденген, зерттеген адам бірден көрінеді. Жасанды интеллект те көмекші құрал ретінде пайдалы. Бірақ, ол адамды алмастыра алмайды. Ми, сезім, түйсік – бәрібір адамда қалады. Журналистика – тірі мамандық, тірі оймен бірге жасай береді.

Ғылыми-танымдық бағытта жаза­тын журналистен тек ақпарат беру емес, оны қарапайым тілмен түсіндіре бі­лу талап етіледі. Құрғақ дерек пен тер­минге толы мәтін оқырманды жа­лық­тырады, ал, терең оймен, нақты мысал­мен берілген материал керісінше қызығушылық тудырады. Сондықтан, бұл салада біліммен қатар тіл мәдениеті, ойды жүйелеу қабілеті ерекше маңызды.

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі артқанымен, ол журналистің орнына шын мәнінде ойлап, сезіп жаза алмайды. Қоғамдағы құбылысты саралап, оның салмағын сезіну, адам тағдырына жанашырлықпен қарау – тірі қалам иесіне ғана тән қасиет. Сол себепті, публицистика формасы өзгерсе де, мазмұны мен жауапкершілігі сақталып, адам ойымен бірге дами береді.

Ғылыми-танымдық бағытта жазғанда ең қиыны – оқырманнан алыстап кетпеу. Кейде автор өзі түсінген дүниені сол күйінде бере салғысы келеді, бірақ, оны бәрі бірдей қабылдай бермейді. Сол себепті, журналист оқырманмен іштей сөйлесіп отырғандай жазуы керек. Күрделі ойды жеңілдетіп жеткізу – білімнің аздығы емес, керісінше, тереңдіктің белгісі.

Тағы бір маңыздысы – бұл сала шыдамдылықты талап етеді. Мұнда жылдам нәтиже, бірден танылу сирек болады. Бірақ, уақыт өте келе, дәл осындай салмақты, ойланып жазылған дүниелер өз бағасын алады. Оқырманға ой қалдыра алған мәтін ғана өміршең болады, ал, ғылыми-танымдық публицистиканың басты мақсаты да – сол.

– Қаламгер үшін шындық пен қауіптің арасы қалай өлшенуі керек?

– Шындықты айту керек. Бірақ, халықты бір-біріне айдап салуға болмайды. Арандатушылыққа жол бермеу қажет. Мемлекеттік саясатқа қарсы шығып, елді дүрліктіру – журналистиканың міндеті емес.

Шындықты бейбіт түрде, сабырмен, ақылмен жеткізе білу керек. Айтылмайтын нәрселер бар, соны сезе білу – тәжірибемен келеді. Әр шындықтың өз салмағы, өз жауапкершілігі болады. Қаламгер сол жауапкершілікті сезініп, сөзінің қоғамға қалай әсер ететінін алдын ала ойлауы тиіс. Журналист үшін батылдық пен сақтықтың арасындағы тепе-теңдікті табу оңай емес. Дегенмен, мақсат – дүрбелең туғызу емес, ой салу, түсіндіру, қоғамды сабырға шақыру болуы керек. Шындық айтылады, бірақ, ол кекпен емес, парасатпен, эмоциямен емес, дәлелмен айтылғанда ғана өз миссия­сын атқарады.

Қалам иесінің басты өлшемі – ар-ождан. Егер журналист өз сөзінде, жазғанында бекем тұра алмаса, шындықтың өзі де құнын жоғалтады. Сол себепті, әр материалда жеке ұстаным мен қоғамдық мүдденің ара-жігін ажырата білу маңызды. Айтылған сөз бір сәттік әсер үшін емес. Ұзақ мерзімді салдары ескерілуі тиіс. Шынайы публицистика айқайға емес, ойға сүйенеді. Ол оқырманды қарсы қоймайды, керісінше, ортақ түсінікке жетелейді. Журналист қоғамның тамырын басып қана қоймай, оның тынысын да сезінуі керек. Сонда ғана айтылған шындық жара салмай, керісінше, сауықтырушы күшке айналады.

– «Орталық Қазақстан» газеті сізге не берді? Ал, өзіңіз газетке не қостым деп ойлайсыз?

– Бұл газетке 32 жыл ғұмырымды арнадым. Күні-түні уақытым газетпен өтті. «Орталық Қазақстан» газеті маған ең алдымен жауапкершілік сезімін қалыптастыр­ды. Бұл басылымда әр сөздің ертең оқырманға, қоғамға қалай әсер ететіні алдын ала таразыға салынатын. Осында жүріп мен әр материалдың артында қоғамдық міндет тұратынын терең сезіндім. Газет мені асығыс шешімнен, жеңіл тақырыптан сақтандырды.

Өз кезегімде мен бұл басылымға тұрақтылық пен кәсіби ұстаным әкелуге тырыстым. Газет қиын кезеңдерді бастан өткерген шақта да, оның бағытын жоғалтпауға, дәстүрлі журналистиканың деңгейін сақтауға үлес қостым деп ойлаймын. Жазбаған тақырыбым жоқ: спорт, құқық, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала – бәрін жаздым. Бұл газет мені жан-жақты болуға, сабырлы болуға, эмоцияны басқаруға үйретті. Адаммен артық сөзсіз сөйлесуді, жұмысқа бейжай қарамауды осы жерден үйрендім. Адал еңбегімді қостым. Уақытымды, тәжірибемді, бар мүмкіндігімді бердім. Газет менің өмірімнің бір бөлігі болды.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button