Поэзия

«Күзбен бірге мен де отырмын күрсініп…»

Қара нарың көтере алмас қайғымды,

Қара дауыл көрсетпей тұр ай-күнді.

…Мен жарымды мәңгілікке жоғалттым,

Балаларым анасынан айырылды.

Шаңырақта шулап қалдық ұлардай,

Қияға қол созушы едік қиялдай,

Аяқ асты болған ауыр соққыдан,

Есімізді жүрміз әлі жия алмай.

Тілмен айтып жеткізе алман күйімді,

Мұң басып тұр дағарадай үйімді.

Мына маған таң атып, күн батпайды,

Балалардың күлкісі сап тиылды.

Көрсетерің көп екен ғой, құдайым!

Қайда кетті сап-сау жүрген жұбайым?

Өтіп жатыр күндер суық ,сүреңсіз,

Баллар маған – оларға мен уайым.

Түсінбеймін, не боп кетті тіршілік,

Күзбен бірге мен де отырмын күрсініп,

Жылатса да, жұбатса да құдайға,

Жасарымыз жалғыз ғана құлшылық.

Шертолғаулар туып жатыр Шеңберде,

Зар толғаулар туып жатыр бөлмемде.

Мен әкелік басу айта алмадым,

Әскердегі ұл алып-ұшып келгенде.

Мынау өлең мен жазатын өлең бе?

Ауыр ойлар батырады тереңге.

Жауап таппай, жер шұқылап қаламын,

Немерелер «әжем қайда» дегенде.

Көңілде-мұң, жүректе бар – шер дейміз,

Жан жарасын немен, қалай емдейміз?

Аңқылдаған сәби түгіл бұл жайға,

Өң бе, түс пе өзіміз де сенбейміз.

01.10.2016 ж.

***

Кенже ұл отыр көзден жасы мөлдіреп,

Оянбадың күткен балам келді деп.

Бір көлікте келе жатсың бізбенен,

Өз үйіңе серіктес боп соңғы рет.

Білмей тұрмын мен де ұлға не деуді?

Бізбен бірге жүрмейсің ғой сен енді,

…Еңіреп біз елге әкеле жатырмыз,

Табытқа сап сенің жансыз денеңді.

Шырқалар деп жүрген кезде той әні,

Тандырды естен тағдырдың бұл таяғы.

Қайғымыздан тіпті езіліп кеткендей,

Саған таныс сол қара жол баяғы.

Осы жолмен келін де боп келгенсің,

Оң аяқпен біздің үйге енгенсің.

Осы жолда жүріп ана-әже боп,

Азды-көпті несібеңді тергенсің.

Шаңырақ ек берік, бекем іргеміз,

Қалдырды ма бақытты сол күндер із?

Осы жолмен анда-мұнда шапқылап,

35 жыл жүріппіз ғой бірге біз.

Мәңгілікке бізге жоқсың сен енді,

Жолықтырмас бізді осы бір жол енді.

…Еңіреп біз елге әкеле жатырмыз,

Табытқа сап сенің жансыз денеңді.

02.10.2016 ж.

***

Айтар сөзім жоқ қой саған, Сәлиям!

Зар еңіреп қалды артыңда жанұяң,

Мен емес пе ем сенің «шолжың сәбиің»

Мен емес пе ем сенің «қартың –қарияң».

Жақсылығын бізге тілеп жер-көктің,

Бәрімізге көңіліңді көрпе еттің.

Байқаған соң сыңарыңның «сыңайын»,

Жұмысын да атқарушы ең еркектің.

Мен жүруші ем «дәридайлап» ой-қырда,

Той-думанда,тамашада , қойылымда.

Отбасының сан-сапалақ шаруасы,

Бәрі-бәрі еді-ау сенің мойныңда.

Бөлінбейтін емес пе едің бөлшегім,

Сен бақытты саулықпенен өлшедің.

…Табысымды жатпаушы едің түгендеп,

«Аман жүрсең болды маған» деуші едің.

Сыртқа кетсем үйде сен ең сенерім,

Бергеніңнен көп еді ғой берерің.

Мас та болған, жас та болған шығармыз,

Кешірімді ең, ең бастысы кең едің!

Анам қасы болды мәңгі мекенің,

О бастан-ақ жақсы едіңдер екеуің.

Енді – енді біздер біліп жатырмыз,

Бар бақыттың кілті сенде екенін.

***

Көк аспанды қара бұлт тұр тұмшалап,

Біздер үшін бәлкім, бұл да сын сағат.

Әскердегі жүрген кенже ұлыңды,

Сағынышпен күтуші едің күн санап.

Бала деген бауыр ет қой бұл анық,

Ана жүрек-оны дұрыс ұғалық.

Мұқағали* түсіңе енген күндері,

Төсегіңнен тұрушы едің қуанып.

Кенже ұлың ғой тал бесікте тербеткен,

Сағынышқа шыдамай сен шөлдеткен

Шілде айында сол әскери бөлімге,

Балаңды іздеп барып тағы келмеп пе ең!

Тындырғандай үлкен істі ауқымды,

Өзіңе-өзің жасап сыйды, тартуды,

Қуаныштан жарылардай жүрегің,

«Басып келдім деп едің-ау мауқымды».

Арманыңа жете алмадың аңсаған,

Кейпіңді еш көрмеуші едік шаршаған.

….Арсыз ажал алқымнан кеп алғанда

«Мұқағали»деуге келді бар шамаң.

***

Сенің жаның бөлек ед мен дегенде,

Атың бүгін айналды шерлі өлеңге.

Сыртым бүтін,болғанменен ішім түтін,

Өлі балық жолығар өлмегенге.

Сенің жаның бөлек ед мен дегенде,

Суық хабар тез жетті елден-елге.

Басты байлық-жарың деп айтқым келед,

Талтаңдаған тоңмойын пенделерге.

Сенің жаның бөлек ед мен дегенде,

Әйел едің – шынайы сенген ерге.

Дем беріп, демеп мені жүруші едің,

Өнердің өлкесіне өрлегенде.

Сенің жаның бөлек ед мен дегенде,

Қайтемін болған іске сенбегенде?!

Балаңдай ем 60-қа келсемдағы,

Анамдай ең мейірімге шөлдегенде.

Сенің жаның бөлек ед мен дегенде,

Жүрекке түскен жара емделер ме?

…Адам басы – Алланың добы деген,

Қайтеміз көнбегенде…

***

Қабыл болар мен оқыған қай дұға?

Халқым ортақ болып жатыр қайғыма.

Қаралы күн қабырғамыз қайысып,

Сені бердік қара жердің қойнына.

Деп жүргенде енді-енді гүлдедік,

Екеумізді қатал үкім тұр бөліп.

…..Шыңырауға шыныменен кеттің бе?

Шыққыр көзім бәрін-бәрін тұр көріп.

Естен танып есірді қыз,есірді ұл,

Арсыз ажал бізден алды-ау өшін бір,

Саған қалай салып жатыр топырақ.

Қолым мынау қолтығынан кесілгір!

Айтпай-ақ мен қояйыншы ар жағын,

Жанымды ұғар жандар шығар жан-жағым.

Енді есімің естелікке айналар,

Жер бесігің жайлы болсын,жан-жарым!

* Мұқағали – үйдің кенже баласы

Мұқаш Сейтқазинов.

03.10.2016 ж.

Ұлытау ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button