Көз жанарын сөйлеткен
Қарағандыдағы бейнелеу өнері музейінде белгілі қылқалам шебері Игорь Баграмовтың көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге суретшінің акварельмен салынған портреттері қойылды. Суретші көбіне тарихи тұлғалардың портретін жасаған. Өмір жолында кездескен ерекше жандардың да образын қағазға түcірген.
Сурет өнерінде акварельмен жұмыс істеу – қиынның қиыны. Қылқалам шеберлерінің сөзінше, бұл жолға екінің бірі түсе бермейді. Ал, акварельмен портрет салу, тіпті, машақат. Сұйық бояумен адамның көзіне жан бітіру, күлкісін, мұңын жеткізу – тек һас шеберлердің қолынан ғана келеді екен. Әріптестері «Игорь Баграмов республикада мойындалған нағыз талант» деп отыр.
– Игорь – біздің ақ көңіл, адал досымыз. Ол суретшіден бұрын, нағыз азамат. Қиындыққа тап болған әр адамға жанын салып көмектеседі. Бұл – шынайы дарындарға тән қасиет. Қылқаламды ұстауының өзі бөлек. Бейнеленген адам жанарына жан бітіре алады. Әр кейіпкерінің образын ашуға тырысады. Портреттеріне қарасаңыз, бейне бір сізбен сөйлесіп тұрғандай әсер қалдырады. Жүрегіндегі сырын жеткізгісі келетіндей. Ол шығармашылығында реализмге ұмтылады. Портретке көңіл күйін дарытады. Міне, Игорь Баграмов осындай талант, – деді әріптесі Лариса Золотарева.
Көрмеде Бауыржан Момышұлы мен Нүркен Әбдіровтің және Димаш Құдайбергеновтің, Юрий Гагариннің, Фаина Раневскаяның, Юрий Никулиннің, Уильям Шекспирдің, Константин Станиславскийдің портреттерін тамашалай аласыз. Туындылардың жалпы саны 70-тен асады.
Музейдегі ерекше көрмеге келген көрерменнің қарасы қалың болды. Ересектерден бөлек оқушылар да, студенттер де бар. Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов те қатысты. Ол Игорь Баграмовтың полиция департаментіндегі музейге де өз туындыларын қойып, батырлардың ұлықталуына үлес қосып жүргенін атап өтті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz