Нұра

Кәсіптің көзін тапқан

00

Аудан орталығында – жаңа кәсіп. Тандыр самсасын дайындап ұсынатын кәсіпкер Қайырбек КОКИШОВ өз жұмысын бастады.  

Жылжымалы дегенге, пештен шыққан самсаны көлікпен сатады екен деп түсініп қалмаңыз. Арнайы тандыр самсасын пісіретін пештің өзін ыңғайын тауып, көлікке қондырған. Мұны ашылу салтанатына арнайы барып қатысқанда көрдік. Сол күні жиналған халыққа кәсіпкер самсаны тегін таратты. Құр самсаны ғана емес, сапырылған сары қымызды да қоса ұсынды. Тілеулестері шашу шашып, шаңырақтың үлкені – Серік Төбетов ақсақал қазақы дәстүрмен немересіне «кәсібінің нәсібін көрсін» деп бата берді.

– Бұл іспен айналысу қашаннан ойымда жүрген. Біздің аудан орталығында тура осы кәсіппен айналысып жүрген жан жоқ. Бір жағынан алғанда, тың кәсіп. Екінші ұтымды жағы – жылжымалылығында, – дейді кәсіпкер Қайырбек Қайрат­ұлы.

Өнімнің құны да қалтаға қонымды. Бір самсаны 200 теңгеге бағалап отыр. Таза мал етінен жасалатынын ескерсек, бұл баға қымбат та емес. Қалалық жерде тура осындай самсалар 300-350 теңгеден саудалануда. Әзірге бір адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, тандыр нан пісіруді де көздеп отыр. Арнайы пешке тапсырыс та беріп қойыпты.

 

P.S. Ашылу салтанатына барған кезде, жаңбырдың тоқтамай құйғаны есімізде. Жалпы, жаңбыр – ырыс пен берекенің жаршысы ғой. Қайырбек Қайрат­ұлының бастаған ісінде асығы алшысынан түсіп, Алланың көл-көсір болып жауған нұрындай нәсіпке кенелуіне тілектеспіз.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button