АймақБалқаш

Кәсіпті білім – келешек кепілі

Жуырда «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі базасында «Jasskills Kazakhmys 2023» ерте кәсіптік бағдар беру және Балқаш өңірінің оқушыларын кәсіптік даярлау шеңберінде чемпионат өтті. Шараға Балқаш қаласы әкімдігінің, «Талап» КЕАҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері, Қарағанды облысында Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік әріптестер, Балқаш өңірінің жұмыс берушілері мен мектеп директорлары қатысты.

Чемпионатта ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен «Талап» КЕАҚ Қазақстандағы WorldSkills ұлттық операторы болып белгіленді. Бұл іс-шара Қарағанды облысында алғаш рет WorldSkills критерийлері бойынша қаламыздың және жалпы өңірдің оқушылары арасында ерте кәсіптік бағдар беру аясында ұйымдастырылды.

Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жобаның мақсаты – жұмысшы мамандығын дәріптеу, танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру, өндіріс орындарындағы жас мамандарды, мектеп оқушыларын, студенттерді, атааналарды, бизнес өкілдерін жұмысшы мамандығына тарту.

– Біз бұл байқауды көп жылғы тәжірибеге сүйеніп, студенттерге, оқушыларға кәсіби бағдар беру, кәсіпке икемдеу, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қазіргі және болашақ кәсіби құзыреттіліктерді игеру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Іс-шараға «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС қолдау білдірді. Ерте кәсіби бағдарлау жүйесі және жаңа технологияларды жас ұрпаққа сіңіру арқылы келешекте мықты мамандарды дайындайтын боламыз. Сондықтан, бірнеше жылдан бері мектептермен кәсіптік бағытта жұмыс жасап келеміз, – дейді «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледж директоры Айгүл Сыздықова.

Чемпионат барысында үздіксіз оқыту мен жаңа кәсіптерді игеру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын одан әрі жетілдіру бойынша баяндамалар жасалды.

Шара соңында ұйымдастырушылар бірқатар қатысушының көрнекті жұмыстарын айрықша атап өтіп, жеңімпаздарға төрт құзырет бойынша марапаттар тапсырды.

«Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша I орын Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы Алишер Павликке, II орын Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Кристина Бориковаға, III орын Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің Нұрлан Карибековке бұйырды. Ал, «Дәнекерлеу іс» құзыреттілігі бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Мадияр Сапарғалиев I орынды, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатының оқушысы Самат Әбдікәрім II орынды, Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Владимир Ходаков III орынды еншіледі. «Металлургия» құзыреттілігі аясында «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Нұртілеу Тілекұлы I орынды, №3 мектептің оқушысы Расул Гранкин II орынды, «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Ерімбетова III орынды иеленді. «Слесарлық-жөндеу жұмысы» құзыреттілігінде №4 мектептің оқушысы Ратмир Гильфанов үздік шығып I орынға тұрақтады. Сондай-ақ, №5 мектептің оқушысы Бекқожа Бөкен II орын, Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы Әбілмансұр Берікжан III орын тұғырынан көрінді.

Барлық қатысушыларға дипломдар және бағалы сыйлықтар, сертификаттар табыс етілді. Іс-шара соңы концертке ұласты.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button