Кәсіптік аурулар көбейіп барады
Қарағанды – өндірісті өңір. Сол өңірде соңғы жылдары кәсіптік аурулардың өсуі байқалады. Биылғы жылдың І тоқсанында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққанда кәсіптік аурулар көрсеткіші 34,7-ні құрайды. Еңбек ресурстарының сапасы, оның өнімділігі, тұтас ел экономикасының дамуы оның еңбеккерлерінің денсаулығына тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл мәселе көпшілікті, әсіресе, билікті алаңдатпай қоймауы тиіс.
Сала мамандары нозологиясы бойынша кәсіптік аурулардың құрылымында тірек-қимыл аппаратының аурулары көп кездесетінін келтіреді. Еңбеккерлердің 60%-ы осы сырқатқа шалдыққан. Тыныс алу органдарының аурулары – 31,3%, есту аппаратының аурулары 7,9% көлемінде. Кәсіптік аурулар әдетте зиянды еңбек жағдайларында 20 жылдан астам жұмыс істеген жасы 55-тен асқан адамдарда кездеседі екен. 55 жастан асқанда кәсіби ауруларға шалдығып жатса, зейнет жасына дейін қалай шыдап жүретінін ойлаудың өзі қиын.
Кәсіпорындардағы негізгі кәсіби зиян келтіретіндердің қатарында ауыр физикалық жұмыс, газ, шаң, қолайсыз микроклимат, жұмыс орындарындағы шу мен дірілдің жоғары деңгейі, өндірістік процестерді механикаландырудың жеткіліксіздігі бар. Дәл осындай еңбек жағдайлары жұмыскерлерде кәсіптік аурулардың пайда болуына, тіпті, мүгедек болып қалуына себеп болып отыр. Себебі, облыс кәсіпорындарында жұмыс орындарын жақсарту бойынша шаралар қабылданғанына қарамастан, жұмысшылардың еңбек жағдайлары санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келмейді. Өткен жылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары өңірдегі өнеркәсіп нысандарында жұмыс аймағындағы ауаның 440 сынамасын зерттеді. Нәтижесінде, 3,4% жағдайда шекті көрсеткіштен асып кеткені анықталды. Одан бөлек, шудың шекті деңгейінің артуына байланысты көрсеткіш 11,1%-ға, микроклимат көрсеткіштері 12,7%-ға артқан, ал, жүргізілген өлшеулердің ішінде 12,5% жағдайда жарықтандыру деңгейі сәйкес келмейтін болып шыққан. Бұған қатысты аталған департамент мамандары жалпы сомасы 3 154 890 теңгеге 7 әкімшілік жаза қолданылғанын, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу туралы 6 нұсқама ресімделгенін жеткізді. Қарапайым еңбеккерлердің арқасында миллиондап емес, миллиардтап табыс тауып отырған кәсіпорындарға 3 154 890 теңге деген не тәйірі?!
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас профпатологы Айгүл Аманбекова кәсіптік ауруларды анықтау мен емдеу бойынша мәселенің көптігін тілге тиек етті.
– Бұл әуелі кәсіби паталогиялар бойынша нормативтік-құқықтық базаның кемшін тұстарының болуы, сондай-ақ, кәсіби аурулар бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі көңіл көншітпейді. Денсаулыққа зиянды жұмыс орындарында еңбек ететін адамдар арасында профилактикалық шаралардың төмендеуі байқалады. Кәсіби аурулардың алдын алғанның орнына қазір кейбір зиянды жағдайлар бойынша тиісті өлшеулер де жүргізілмейтін болды. Мәселен, жерасты көмір шахталарында шаң көрсеткіштері өлшенбейді. Ол жердегі еңбек жағдайы денсаулыққа өте зиян және қауіпті. Бірақ, ол жердің денсаулыққа қаншалықты зиян екенін анықтау мүмкін емес. Тіпті, болмаса, сол көрсеткіштер бойынша жұмыс орнының зияндылығын анықтай аламыз, – дейді Қарағанды медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институтының профессоры Айгүл Аманбекова.
Кәсіптік ауруларды ерте анықтау мен дер кезіндегі оңалту жұмыскерлердің жұмыс орнын жоғалтпауына мүмкіндік береді. Алайда, кәсіптік аурулар саласындағы мамандардың жетіспеушілігі бұл мәселеде де қиындықтар туғызуда.
Профессордың айтуынша, кәсіби профпатолог мамандары қат.
– Әрине, қандай болсын аурудың алдын алған дұрыс. Бірақ, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі ауруды ерте анықтауды қиындатады. Мәселен, адамға ауыр және зиянды жұмыс салдарынан мүгедектік тағайындау кезінде арнайы комиссия төрағасы міндетті түрде профпатолог болуы тиіс. Ал, бізде кейбір жағдайларда комиссияда да ондай мамандарды таба алмаймыз. Маманнан бөлек, тиісті медициналық тексерулер жүргізетін жабдықтар да тапшы, – дейді ол.
Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары жұмыс берушілермен бірлесіп, жұмыс істеушілердің организміне қолайсыз факторлардың әсерін барынша азайту бойынша тұрақты негізде профилактикалық жұмыс жүргізеді. Алайда, барлық өндіріс орындары мен кәсіпорындарда бірдей күнделікті медициналық тексерулердің өзі тиісті деңгейде жүргізілмей жатады. Жұмыс берушімен қатар, жұмысшылар да өз денсаулығына дұрыс қарап, медициналық тексерулерден уақытында өтіп тұрғаны маңызды. Алайда, сол жұмыскерлердің өздері жұмыс орнынан айрылып қалмау үшін болған оқыс оқиғаларды немесе денсаулығындағы ақауларды жасыратынын құзырлы органдардың барлығы біледі.
Еңбек адамының сапалы әрі өнімді жұмысы үшін жағдай жасалмаса, көзбояушылықпен алысқа бармаймыз. Онсыз да Қарағанды облысы өндірісте жапа шеккендердің, оның ішінде, өлім-жітім жағынан «көшбасшы». Өткен жылғы көрсеткіш 4,9%-ға өссе, биылғы жылғы бірінші тоқсанның өзінде 6,1%-ға артқан. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сүйенсек, 70 адам қаза тапқан. Оған кейінгі апаттарда ажал құшқандарды қосыңыз. Кәсіби аурулар өндіріс орындарындағы апаттың тікелей себебі болмауы мүмкін, бірақ, адам өмірі мен денсаулығының маңызды көрсеткіші екенін ұмытпауымыз керек.
Жансая ОМАРБЕК.