Бас тақырып

Кәсіпорын қанат жайып келеді

Игілікке ұмтылыс әр өркениетті қоғамның мәнді өзегі. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Экономиканы қар­қынды дамыту үшін тек мемлекет қар­жысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің ар­туына қолайлы жағдай жасаған жөн» деген мұратты пікірі қос қолы­мыздан өнігіп шыққан нығмет атау­лысын сәйкесінше паш етуге үндейді.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Алтын үлгі

– Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елдімекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет, – деп Жолдау­дағы ордалы ойын сабақтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саран феноменін әр тарапта жерден бауырын кілт көтерген фәни құстай түлетуге болатынын айқын аңғартқан-тын.

Иә, құны кетпес, сыны кетпес құндылық өндіруді ешкім әп-сәтте үйрене салмасы кәдік. Дұрысы, бастан кешіп, тәжірибе топтайды. Пайымымыз зая кетпес үшін ел Президентінің «Автокөлік құрас­тыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет» деген сарабдал пікірін дәйектей кеткенді құп көрдік. Әсілі, ынтымақ ыдырамаса, ырықсыз дү­ние жоқтығы және бір ақиқат. Сарандағы соны серпіліс осыны алтын үлгі етердей.

Президент пәрмені көлік құрастыру саласын дамытуды үнемі назарда ұстау қажеттігін Үкімет тарабы жете сезініп, жан-жақты қолдау көрсету үстінде. Бір жарқын мысал. Күні бүгінге дейін автобус құрастырып келген қазыналы Қарағандыда енді жүк көліктері де шығарылмақ.

Ізашар іргетасы

Іс бастау – ауыр міндет. Өңірде өркен жаяр ірі істің ізашар іргетасы да қаланды. Нақтырақ айтсақ, Саран қаласында, яғни, еліміздің өнеркәсіптік картасына кең тыныс беретін жоталы жоба жүзеге асырыла бастады. Енді елімізде ауыр жүк көліктері мен арнайы техниканың өзімізде құрастырылатын күні алыс емес. Өйткені, қытайдың әлемге әйгілі «Sinotruk» компаниясы мен отандық «Saran Machinery» компаниясының бірлесуі нәтижесінде құрылған кәделі кәсіпорын – өндірістік әріптестіктің айшықты үлгісіне айналмақ. Жобаның артында Үкімет пен облыс әкімдігінің нақты қолдауы тұр. Зауыт жай зауыт емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа белесі, технология трансфері мен білікті кадр даярлаудың тың алаңы деуге келерлік.

HOWO маркалы жүк көліктері мен арнайы техникалар енді өз елімізде, өзіміздің қос қолымызбен Қарағандыда құрастырылады. HOWO – ауыр салмақтағы алып көлік. Марка – Қытайдың Sinotruk компаниясының туындысы. Бір қарасаңыз, «сүйекті» көлік техниканың қарапайым түріне ұқсауы мүмкін. Алайда, оның ішінде – темірдей төзім, ал сыртында – еңбек майданының мәйексары шаңына малынған көпжылғы абырой жатыр. HOWO көліктері, әсіресе HOWO A7, T5G, T7H сынды үлгілері, құрылыс, карьер және ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылады. Жол талғамайтын қуатты қозғалтқыш, қарапайым әрі жөндеуге ыңғайлы құрылым, оны Қазақстанның күрделі климаттық жағдайларында сенімді серік етеді.

Еуропалық яки жапондық брендтермен салыстырғанда, HOWO-ның бағасы әлдеқайда төмен. Арзан бағам сапа төмен деген сөз емес. HOWO көліктері жылдар бойы ауыр жүкті көтере жүріп, дұрыс күтім жасалса, жөндеуге көп мұқтаж болмайды. Жоспар бойынша заманауи зауыт жылына 10 000 техника шығарады деп күтілуде. Маңызды нысан құрылысы әлдеқашан басталып кеткен. Құрылыс алаңында қазір қызу жұмыс. Крандар көк тіреп, бетон араластырғыштар үздіксіз айналып тұр. Инженерлер мен құрылысшылар уақытпен санас­пай, күндіз-түні ел игілігі үшін еңбек етуде. Келер күндер еншісінде сан мыңдаған жұмыс орны, аймақтағы инфрақұрылымның жандану мүмкіндігі әрі экспорттық әлеуетті арттыру тетігі төбе көрсетеді.

Капитал қалт еткен мүмкіндікті қалт жібермейді. Теңгелік айналымның темірдей тәртібі сондай болса керек. Ел экономикасына құйылған нақты инвестиция, отандық өндіріс үшін салынған іргетас, ертеңгі күнге сеніммен қарауға берілген орасан мүмкіндік деген ләзім мұны.

Серіктестік туралы стратегиялық келісімге Астана қаласында, салтанатты жағдайда қол қойылды. Маңызды құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр тікелей қатысты. Жобаға берілген жоғары саяси сенім мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдаудың түп нәтижесінде үр жаңа кәсіпорын тек өндіріс орны емес, еліміздегі коммерциялық техника өндірісін жаңа сапалық деңгейге шығаратын серпінді жоба болмақ. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен іске асып жатқан баянды да байырқалы бастама ұлттық өндірісті өркендетіп, әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті мейілінше азайтуға әрмен қарай халық­аралық технологияларды ел экономикасына интеграциялауға бағытталады. Келелі келісім – Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік байланыстың жаңа парағы ғана емес, сонымен қатар, ел аумағында жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған өндірісті дамытудың өркениетті үлгісі.

– Ерекше назар жергілікті өндірісті дамытуға аударылылады. Кәсіпорын алдағы уақытта Qarmet отандық металлургиялық кәсіпорнында өндірілетін мырышталған болаттан жасалған кузовтық бөлшектерді пайдалануды жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстанда өндірілетін шикізатты кеңінен қолдануға және техниканы толықтай ел ішінде құрастыруға жол ашатын шешуші қадам, – деп баса белгіледі Роман Скляр.

Спикердің айтуынша, мұндай тың тәсіл жергілікті қосалқы бөлшектер өндірісін жандандырып қана қоймай, елімізде толыққанды өндірістік цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соңыра тек техниканы жинау емес, оны өзіміздің шикізаттан жасап шығару дәуіріне бет түзеріміз шындық.

Қазақстанда тұңғыш рет

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына барып, зауыттың құрылтайшыларымен кездесті. Ол бұл жобаның аймақ экономикасы мен ел өнеркәсібінің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

– Келелі келісім – Қытай компаниясымен ынтымақтастықтың айшықты үлгісі. HOWO маркалы техниканың нарықтағы сұранысы да бәсі де жоғары. Жергілікті атқарушы билік ретінде біз іргелі іске тікелей араласып отырмыз. Жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуы үшін барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаңа кәсіпорын заманауи технологиялық қондырғылармен толық жабдықталады. Ерекше атап өтерлік жайт – Қазақстанда тұңғыш рет мұнда металды катафорездік өңдеу желісі орнатылады. Демек, еліміз үшін мүлде жаңа, теңдессіз технология. Оның көмегімен жүк көліктерінің кузовтары коррозиядан жоғары деңгейде қорғалып, техника ресурсы мен беріктігі айтарлықтай артады. Өркениетті өндіріс орны мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Аймақ халқы үшін үлкен әлеуметтік мүмкіндік саналған, еңбекпен қамтудың жаңа көкжиегі және өңірдегі кәсіби кадрлар даярлау ісіне тың серпін беретіні көңіл қуантады.

Жоба жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталады. Толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Ендігі жылы шамамен 2 мың дана техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Қазірдің өзінде толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілді. Зауытты іске қосу да желтоқсан айына жоспарланған, – деп мәлімдеді жобаның жетекшісі.

Зауытқа қажетті жабдықтар 2025-2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жеткізіледі. Алғашқы партия – шасси мен кабина құрастыруға арналған жабдық биыл қазан айында келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу цехтарына арналған кешенді қондырғылар орнатылады. Кәнігі мамандардың айтуынша, металды катафорездік өңдеу желісі технологиясы көлік шанақтарын тозудан сенімді қорғап, қызмет мерзімін айтарлықтай ұзартады.

Президент реформасының аясында жүзеге асып жатқан жоба ұлттық сенімнің, отандық өндірістің, жұмысшы еңбегінің жарқын бейнесі. Өйткені, біз енді техника тұтынушысы ғана емес, техниканы өндіруші елміз. Қанаттанып келе жатқан үр жаңа кәсіпорын – «Әділетті Қазақстанның» өнеркәсіптік арқауы, ал оның табалдырығын аттайтын әрбір жұмысшы – ел мүддесіне қалтқысыз қызмет ететін жаңа дәуірдің темір тұлпарлы сарбазы. Ұлттық капитал ел болашағына жұмыс істеп тұр. Сәт!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button