Жаңалықтар

Кәсіподақ – еңбек адамының қорғаны

Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығында кәсіподақ қозғалысының ардагерлерінің, еңбек ұжымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, әлеуметтік серіктестіктердің, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қатысуымен Кәсіподақтар күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Шара қонағы – Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев құттықтау сөзінде кәсіподақтардың қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту мәселелерін шешудегі жоғары рөлін атап өтті.

Мерекелік көңіл-күймен өткен шараға өз салалары мен кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан Қарағанды облысының Кәсіподақ қозғалысының өкілдері түрлі марапаттарға ие болды. Мысалы, «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Алмакүл Өсерова марапатталса, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалін Заң клиникасы филиалының Татуласу орталығының басшысы Света Шардарбекова алды. «Кәсіподақ ардагері» медалін «Қарағанды Су» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнара Шахарбаева еншіледі.

Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медаліне облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы директорының орынбасары Дулат Макишев пен «Қамқор Локомотив» ЖШС Қарағанды локомотив жөндеу депосының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Елена Андреевскаяға бұйырды. Медальдан бөлек, осы салада еңбек етіп жүрген қарағандылықтар Құрмет грамоталарын алды. Олардың қатарында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағаларымен қатар, сот және қоғамдық бірлестік қызметкерлері де бар. Кәсіподақ ұйымы жұмыста белсенділік танытып, қызметкерлердің құқығы қорғалу жолында аянбай еңбек етіп жүргендердің де еңбегін елеусіз қалдырған жоқ. Қарағандылық бір топ қызметкер осы күні Алғыс хатқа ие болып, мерейлері тасыды. Одан бөлек, 1 млн. теңгелік «SENIM» – «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2021» сертификатын «Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана» КМК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Андрей Пан иеленді. Сондай-ақ, 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттар да берілді.

Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің «SENIM» төсбелгісімен осы салада қызмет ететін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары марапатталды. Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілермен, Құрмет грамоталармен сала қызметкерлері марапатталды.

Марапаттау рәсіміне жас ұрпақтың дене тәрбиесі және салауатты өмір салты мәселелеріне ерекше көңіл бөлетін және кәсіподақ жұмысына белсенді қатысатын Қазақстан спортының мақтанышы, бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем Кубогының күміс жүлдегері, КСРО-ның үш дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы Серік Нұрқазов қатысты. Салалық кезеңдердің жеңімпаздары биылғы жылдың 8 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумына қатысады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button