Бас тақырып

Кәсіпкерліктің тың толқыны

Мамандардың айтуынша, экономикалық дағдарыс жағдайында микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне сенім жоғары. Өйткені аталған сектор қысылтаяң шақта жаңа жұмыс орындарын ашудың драйвері бола алады. Соның ішінде, әйелдер кәсіпкерлігіне деген үміт ерекше. Әйел затының бизнестегі орны кейінгі кездері айшықтала түсуде. Әлемнің барлық елі, оның ішінде, Қазақстан да әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше ден қойып отыр. Біздің ел әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыра отырып, оны экономиканы нығайтудың бірден-бір құралы ретінде пайдалана бастады. Шағын және орта бизнес әйелдер үшін негізгі кіріс көзіне айналып келеді. Өйткені, олардың көбі өз істерін отбасыларына көмек ретінде бастайды. Кейін көкжиегін кеңейтеді. Бұл – экономикаға сеп.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Аймақта әйелдер кәсіпкерлігі дамуда

Әйелдер кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Аймақта әйелдер басшылық ететін компаниялардың үлесі 51%-дан асып, 52 мың компанияны құрайды. Нақтыласақ, 52 123 компанияны әйел заты басқарып отыр. Негізінен, әйелдердің 45%-ы көтерме және бөлшек саудада, 17%-ы сервистік қызмет көрсету сияқты экономиканың салаларында жұмыс істейді. Әйелдер басшылық ететін компаниялардың орташа есеппен 5%-ы білім беру мен денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығына тиесілі, әйелдердің 3%-ы көлік, ақпарат пен байланыс, тұру және тамақтану қызметтерін ұсыну сияқты тиісті қызмет салаларында жұмыс істейді.

Әйелдер бизнесі экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар, маңызды әлеуметтік міндеттерді шешеді. Жұмыс орындарын құрады, бизнес­тің әлеуметтік бастамаларын қолдайды.

Кәсіпкерлікті, оның ішінде, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде екінші деңгейдегі банктер және басқалар арқылы көрсетілетін қаржылық қолдау шаралары ықпал етеді.
Облыстың кәсіпкерлік басқармасының ұсынған дерегіне сүйенсек, 2024 жылы бизнесті қолдау шараларының арқасында субсидия­лау, кепілдік беру, гранттар және жеңілдікті микрокредиттер түрінде 14 млрд теңге сомасына әйел адамдардың 700-ге жуық жобасы қаржыландырылды. Бұл барлық қаржыландырылған жобалардың 43%-ын құрайды.
Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде көрсетіліп жатқан көмек көлемі ауқымды. Өткен жылы 13,6 млрд теңге кредит сомасына 508 жоба қаржыландырылды. Оның барлығы әйелдердің бастамасымен қолға алынған жобалар болатын. Оның ішінде, субсидияланғаны және кепілдендірілгені бар.

Грант – қолдау көзі

Облыс бойынша 2024 жылы барлығы 380 млн теңге сомасына 215 грант берілді. Оның ішінде, 130-ы – әйелдер басшылығындағы жобалар. Басқармада хабарлағандай, жұмыспен қамтуды қолдау шаралары аясында көпбалалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, мүгедектігі бар адамдарға 108 грант берілді. 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі бұл қолдау бизнесті ашуға және кеңейтуге бағытталған. Грант қаражаты негізінен кондитерлік және тігін цехтары, сұлулық және шығармашылық студияларын ашуға жұмсалған екен.
Гүлдана Жаңағұлова кәсібін Саран қаласында ашқан. Ол сабын өндіру ісімен айналысуда.

– Былтыр маусым айында грант алған бетте ісімізді бастап кеттік, – дейді Гүлдана Абайқызы. – Ғимаратты жалға алып, сабын шығару цехын аштық. Алған негізгі құралымыз – станок пен оның қосалқы құралдары. Алматыдан алдырдық, шикізаттарын да сол жақтан алдыртамыз. Оның айтуынша, шығарып жатқан сабыны толығымен табиғи өнім.
– Біз кәдімгі тоқ ішекті қолданып, таза өнім шығарамыз. Осы істі бастарда зерттеп қарасам, сабынды шошқаның да, иттің де майын қосып жасай береді екен. Бұл сабынды әуелі өз отбасым, балаларым қолданады. Сондықтан, оның таза, адал болуы біз үшін маңызды. Бұдан бөлек, сұйық сабын, ыдыс жуатын құралдар да шығарамыз, бірақ, негізгі өніміміз – кір сабын, – дейді ол.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, гранттар жиһаз, кондитерлік цехын ашуға, этникалық үлгідегі, сыртқы және балалар киімдерін тігуге, массаж кабинетін, сұлулық салонын кеңейтуге, эстетикалық косметологияға, шығармашылық орындарын, тез тамақтану дүңгіршектерге, қымыз үшін жабдықтар сатып алуға, наубайхана, шұжық цехы, кофе аппараты, анимациялық сервис, оттегі борокамерасы, монша, автокөлік бөлшектері дүкенінің металл конструкцияларын өндіру, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау сынды көптеген бағыттар бойынша жасалған жобаларға беріледі.

Қаржылық қолдау қомақты

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 11 грант өз иесін тапты. Оған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері және әлеуметтік кәсіпкерлер қатыса алады. Грант иелерінің әрқайсы 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек алды.

Халықтың көпшілігі қала немесе облыс әкімінің гранттарынан ғана хабардар. Одан бөлек, нақты бір уақытта емес, жыл бойы ұйымдастырылатын қолдау шаралары бар екенін бірі білсе, бірі бейхабар. Мәселен, «Даму» қорының гранттары.

Өңірдегі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдердің салааралық кеңесі төрағасы Алмагүл Абаеваның айтуынша, «Даму» қорының, Ғылым қорының, «Аssyltas» қорының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, «QazInnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің, жастарға арналған «Zhas project» жобасының,  «Expo Women» халықаралық қорының қолдау шаралары бар.

– Олардың қаржыландыру көлемі де қомақты. Кейбірі 10 млн теңгеден басталып, 300 млн теңгеге жетуі мүмкін. Әрқайсысына қатысу шарттары түрлі. Толық білу үшін «Атамекенге» немесе мансап орталықтарына жүгінуі керек. Ол жерде толық ақпарат беріледі. Қайсыбір гранатта талап бар. Мысалы, бизнесіне 3 жыл болуы керек немесе жаңа бастап жатқан кәсіпкерлік. Жас ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне және басқа да шарттары болуы мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да жобасы болса, барып көруі керек. Жоба жақсы болса, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алады, инвестор табады, ең құрығанда, ақпараттық қолдау көреді, – дейді Алмагүл Мағжанқызы.

Оның айтуынша, қазір басымдық ІТ, жасанды интеллект, цифрландыру бағытында. Нәтиже көру үшін осы бағыттарда жаңа жобалар ұсынған абзал.

– Осы бағыттар бойынша стартаптарды террикон алқабы жақсы қолдап жатыр, – дейді Алмагүл Абаева. – Террикон алқабымен жасалған меморандум аясында әйелдерді компьютерлік сауаттылыққа үйреттік. Жасанды интеллектті пайдалану бойынша келісім жасалып жатыр. Жалпы, кәсіп бастау бағытын көрсетеміз, инновациялық жобалар болса, көмектесеміз. «Даму» қорының, «Атамекен» палатасының өкілдерімен ауылдарға шығамыз.

ІТ, бағдарламалар жасау, эко жобалар, ескі заттарды қайта өңдеу сынды бағыттар сұраныста. Жақында бір конкурста болдық. 8 сынып оқушысы мата қалдықтарынан күнделікті тұрмыста қолданатын заттар жасап шығарды.

Қарағанды облысы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын былтыр 11 қыз бала алды. Олардың арасында IT технологиялар, мәдениет және ғылым саласындағы креативті бизнес жобалар бар. Жеңімпаздардың әрқайсысы 2 млн теңгеден алды. Бизнесті гранттық қолдау жобалары биыл да жүзеге асырылады, қаражат қарастырылған.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің жарқын мысалдары қатарына Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылындағы «Супер Ботақан» балабақшасын айтуға болады. Ол «Монтессори топтарын ашу» жобасы бойынша грант алды. Сол сияқты «Қолданыстағы тігін өндірісін кеңейту» жобасымен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Балқаш оқу-өндірістік кәсіпорны да грантқа ие болып, кәсібін ілгерілетуге мүмкіндік алды.

Жеңілдетілген несие де көмек

Қолдаудың тағы бір түрі – «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша жылдық 7%-бен жеңілдетілген несие беру. Бағдарлама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Кәсіпкерлік басқармасы дерегі бойынша бағдарламаның басты мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау. Аталмыш бағдарлама аясында 377,6 млн теңгеге әйелдердің 13 жобасы қаржыландырылды.

Басқарма мамандары кәсіпкерліктің, оның ішінде, әйелдер кәсіпкерлігінің ең перспективалы салаларының бірі туризм екенін алға тартады. Өйткені, әйелдер қонақ үй бизнесін, агротуризмді, гастрономиялық турларды, қолөнер өндірістерін және туристік агенттіктерді құруға белсенді қатысады. 2022 жылдан бастап, саланы мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілді, олар кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруға бағытталған.

Бұл бағытта облыс деңгейінде бірқатар қолдау түрлері бар. Отыратын сегізден астам орны бар көлік құралын сатып алу шығындарының 25%-ы өтеледі. Туристік қызмет объектілерін салу/реконструкциялау кезінде жалпы құнының 10%-ы өтемақы ретінде қайтарылады. Сонымен қатар, жол бойындағы сервис объектілерін салатын болса, шығындардың 10%-ы қайтарылады. Ал, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға арналған шығындардың бір бөлігі субсидияланады. Қолдау мөлшері – айына 83 300 теңге.

Жаңа экономикалық саясат

Негізі, қала тұрғындарына қарағанда ауыл адамдарының кәсіп бастауына кедергі көбірек. Бұл мемлекет тарапынан қолдауға қатысты емес, адамдардың өздерінің талпынысына қатысты болса керек.

– Бұл тұрғыда ауыл мен қалаларда тең мүмкіндік жасауға тырысамыз. Бірақ, қаладағы әйелдер қандай да бір кездесу, курстарға тікелей барып қатыса алады, көпшілікпен араласып, жаңа идея­лар алуы мүмкін. Осы жағынан артықшылық деуге болады. Әйт­песе, ауылдардағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көбірек. Десе де, ауыл әйелдеріне жобалық жағынан алуандылық қажет. Көптеген әйелдер үшін дүкен ашса болды, басқа жоба қолға алмайды. Рухани баю, тәжірибе алмасу бағытындағы кездесулер ұйымдастырып тұрса да болады. Мұндай клубтарды кез келген әйел өзінің тұрғылықты жерінде аша алады, – дейді Алмагүл Абаева.

Кәсіпкерлерге берілген мүмкіндіктерге қарамастан, ел Президенті шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді шараларын қолға алуды тапсырды.

«Бізге Қазақстан экономикасының дамуы үшін жауапкершілікті өз мойнына ала алатын кәсіпкерлердің жаңа толқыны қажет… Мұндай адамдар әр өңірде бар. Оларға өз ісін дамытуға мүмкіндік беріп, шын мәнінде көмектесу маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша әйелдер белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің 44,6%-ын немесе 638 089 бизнес субъектісін басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1 миллионнан астам адам еңбек етеді. Бұл – елдегі шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің үштен бірі.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button