Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Оның ішінде, Ақтоғай ауданының кәсіпкерлері елге қолайлы жағдай жасауда. Жақында белгілі кәсіпкер Әуелбек Қасымбековтің демеушілігімен көпшілікке арналған «Arasan» атты қоғамдық монша ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Абылай Аманжолов тұрғындарды қуанышымен құттықтап, кәсіпкердің кәсібіне табыс тіледі.
– Ақтоғай елінде бүгін ерекше жаңалық болып жатыр. Біздің елдің жанашыр азаматтары кәсіпкерлері ауданымызға қызмет көрсетуде. Ақтоғайлықтар кез келген істің көзін тауып, кәсібінен нәсіп тауып отыр. Бұл өз кезегінде ауданда кәсіпкерліктің кең өркен жайып, жұмыссыздардың санын азайтуға септігін тигізуде. Бүгін міне, біз сіздермен бірге Әуелбек Қасымбековтің өз қаражаты есебінен тұрғызған жаңа нысанның ашылуында бас қосып тұрмыз. Ерекше атап өтетін жайт – мұнда адамды жұмыспен қамтылып, ауданымызда жаңа нысанның бой көтеруі, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.
Аудан тұрғындары моншаның ашылу рәсімінде халыққа қажетті нысан салған кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, қариялар ақ батасын берді, ал ақ жаулықты аналар елдің амандығын тілеп, шашу шашты. Мұнан соң жиналған жұрт жаңа нысанның жұмысымен танысты.
Айта кетейік, заман талабына сай салынған қоғамдық монша 30 адамға арналған.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz