Жаңалықтар

Кәсіпкерлікке өріс кең

Облыста 2024 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,6%-ға артып, 99 190-ды құрады. Оның ішінде, шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 19,3 мың, жеке кәсіпкерлер – 69,8 мың, шаруа, фермер қожалықтары – 10,1 мың. Осыған қарап, қаржылай қолдаулардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі артып келе жатқанын ұғынуға болады. Қайтарымсыз негіздегі мемлекеттік гранттар беру де табысқа бастайды.
Ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру және мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға кепілдік беру Президент үшін қашан да алғашқы орында. Мемлекет басшысы Көкшетаудағы Ұлттық Құрылтайдың отырысында Үкімет әзірлеген салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді мақұлдап, негізгі экономикалық және әлеуметтік факторларды ескеретінін атап өтті.

Бұл ретте кәсіпкерліктің маңызы зор. Мемлекет басшысының сөзі салық реформасына кешенді әрі теңгерімді көзқарас қажет екенін растады.

Салық жүйесін реформалау – бизнестің барлық деңгейде дамуы үшін маңызды. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтың жалғасатынын білдіреді. Үкіметтің түпкілікті шешімі бюджет қажеттіліктері мен экономиканың даму теңгерімін сақтай отырып, кәсіпкерлер үшін жаңа кедергілер туғызбауы тиіс. Осы орайда аймақта кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларының жеміс беріп отырғанын атап өткен жөн.

Кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында Үкімет инфрақұрылымды дамытып, жеңілдетілген қаржы бөлу және отандық өндірушілерге салықтық жеңілдіктер мәселесін қарастырды. Сондай-ақ, субсидиялар және басқа да қолдау түрлерін алатын офтейк-келісімшарттар жасау бойынша шаралар қабылдануда. Үкімет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, түрлі қаржылай көмек көрсету керектігін ұғынып, әлі де бірқатар бағдарламалар әзірленетінін жариялады.

Атап айтқанда, сарапшылар қауымы, жалпы қоғам да қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттілігін түсінеді. Мұндай тәжірибені көптеген шетелдерде қолданады. Бұл ретте Президент мемлекеттің әлеуметтік көмегі бірінші кезекте мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс екендігін, басымдыққа ие емес шығыстарды қысқарту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін бюджеттің басымдыққа ие емес шығыстарын оңтайландыру тапсырылды. Әлеуметтік салықтан түсетін түсімдер қазір облыс әкімдіктерінің қарамағында қалатыны белгілі. Мемлекет басшысы бұл ақшаны үнемді және тиімді жұмсауды, ал, елге пайда әкелетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беруді де атап өтті.

Бұл ретте ол өңірлерге әлеуметтік нысандарды салуға қайтарылған заңсыз активтерден де қаражат бөлінетінін еске салды (үш жыл ішінде 2 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды). Мысал ретінде ол Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын келтірді.

Президент Бурабайда өткен Құрылтайда кәсіпкерлер қауымдастығына қатысты мәселелерге тоқталды. Осы орайда Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы өңірдің табысты жұмыс істейтін қауымдастықтарының бірі екенін айта кеткен жөн. Қауымдастық өңірлік және республикалық деңгейдегі 25-тен астам консультативтік-кеңесші органдарда олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бизнес пен ҮЕҰ мүдделерін біріктіреді.

Қауымдастық және оның серіктестері нормативтік-құқықтық актілерге (республикалық, өңірлік, ведомстволық, заңнамалық), оның ішінде, кәсіпкерлік қызметті реттеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы, қоғамдық бірлестіктер туралы және т.б. заңнамаларды өзгерту және толықтыру бойынша 1000-нан астам түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Оған қоса, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау жөніндегі аккредиттелген ұйым.

Қауымдастық азаматтық бас­тама, қазақ халқының дәстүрлерін сақтау, азаматтық қоғамды шоғырландыру, мемлекеттік органдардың имиджін арттырудағы 20-дан астам жобаның бастамашысына айналды.

Жақында қауымдастықта Бурабайда өткен Құрылтайда айтылған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін нығайту мәселесі сөз болды. Қала кәсіпкерлеріне арналған мемлекеттік қолдау және салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы ақпарат айтылды, әрі ұсыныстар талқыланды.

Кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты жаңа заңнамаға енгізілетін ұсыныстарды қарастырдық. Қатысушылар қаржыландыру, есептілік, ҮЕҰ-ның мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту мәселелерін қозғайтын негізгі өзгерістер бойынша пікір алмасты.

Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыруға ықпал етеді. Сенімді нығайтады және қоғамның игілігі үшін тиімді әріптестікке жағдай жасайды.

Серік САНАУБАЕВ,
Қарағанды облысының кәсіпкерлер
қауымдастығының төрағасы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button