Кәсіпкерлікке қолдау қомақты
Бүгінде аймақта «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жеңілдетілген несие беру жүйелі жүзеге асуда. Осы орайда құзырлы орын өкілдері кәсіпкерлермен форум өткізді. Онда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлік басқармасы, екінші деңгейлес банк қызметкерлері кәсіпкерлерге мемлекет- тік қолдау аясындағы бағдарламалар туралы кеңес берді.
Форум екі жүзден астам ынта-ықылас білдірген кәсіпкерлерді жинады. Форум кәсіпкерлік өсімін ынталандырып, өз ісін ашуға ұмтылғандарға жан-жақты көмек беруді мақсат тұтқан.
Жаңа «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кәсіпкерлер де қызығушылық танытуда. Аталған бағдарлама Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша дайындалғаны мәлім. Бұл бағдарлама халық тұтынатын тауарлар өндірісін қолдауға бағытталған. Жеңілдетілген несие өңдеу һәм ұқсату саласына беріледі. Атап айтқанда, ол тізімде жеңіл өнеркәсіп, агроөндіріс кешені, жиһаз, құрылыс материалдары өндірісі бар. Бағдарлама арқылы импортты алмастыру көзделеді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне басымдық зор. Бұл салаға 400 млрд. теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтың айтуынша, бағдарлама табысты болуы үшін кәсіпкерлер палатасы алаңында жобалау кеңсесі құрылыпты.
- Бағдарлама жемісін беруі үшін палатада жобалау кеңсесі жасақталды. Қайта өңдеу саласында несие бойынша пайыз 8-ден 6 пайызға дейін төмендетілді. Жеңілдетілген несиелік мерзім несие мерзімінің үштен біріне ұзартылған. Яғни, несие 7 жылға берілсе, онда 2 жыл 1 ай каникул беріледі. Несие беру бойынша қосымша 23 қызмет түрі ұсынылады. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 2,1 млрд.теңгенің 2 жобасы банктерден қолдау тапты. Бұл жобалардың бірі – Қарағанды қаласындағы көтерме-тарату орталығының құрылысы, екіншісі – Балқаш қаласындағы қонақүй. Мұнда, ең бастысы, қолдау тек шағын және орта кәспкерлікті ғана қамтып қоймайды. Ірі кәсіпкерлікке де қолдау көрсетеді. Оған қоса, несие сомасы шектеулі емес, – дейді Ернар Күлпейісов.
Бүгінгі таңда аймақтық жобалау кеңсесі міндеттерінің ауқымы кеңейді. Кеңсе үш бағытта жұмыс жүргізіп отыр. Сонымен қатар, өңірдегі өндірістерге, өнімдерге талдау жасалды. Сол арқылы импортты алмастыруға қауқарлы өнеркәсіптердің әлеуеті сарапталды. Сөйтіп, 508 компанияның тізімі жасақталды.
Қызғалдақ АЙТЖАН.