Кәсіпкерлікке оң ықпал
Кәсіпкерлер енді өздерінің бизнес ахуалдарын жақсартуда мемлекеттік органдардың қамқорлығын сезіну мүмкіндігіне ие болды. Себебі, Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау мақсатында Әділет департаменті мен Кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, сонымен қатар, дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатында қол қойылған Меморандумның мақсаты – кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мен қорғау үшін бірлескен және келісімді іс-әрекетті жүзеге асыру.
Айта кету керек, Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту туралы өршіл мақсат қойған болатын.
Меморандумның мақсаты – Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті өркендетіп, келісілген іс-қимылдарды бұдан әрі дамыту, атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді айқындап, оларды шешу жөніндегі шараларды ұсыну.
Меморандум аясында тұрақты түрде бірлескен кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар және тағы да басқа шаралардың өткізілуі қарастырылған.
Меморандум бойынша кәсіпкерліктің барлық бағытында қолдау көрсетілетін болады.
Салтанат ИЛЬЯШОВА