Аймақта 1200 бас ірі қараға арналған ферма бой көтереді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында инвестиция тарту стратегиялық мақсат екендігін айрықша атап өткен болатын. Өңірде инвестиция игілігін молайту мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттары жүйелі негізде жолға қойылғандығы баршаға аян. Мемлекеттік қолдау бағыттары «Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы», «Ауыл аманаты», «Кәсіпкер», «Өрлеу» және даму институттары арқылы жүзеге асуда. Осы турасында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында егжей-тегжейлі сараланды.

Сарыарқада инвестиция легінің саны артпаса, кемімеді. Кәсіпкерлікке нақты қолдау, өндіріс алаңдары дайын. Облыста индустриялық даму жаңа деңгейде қарқын алды. Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің айтуынша, индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде ондаған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер ұсынылып, қажетті жер учаскелері бөлінуде. Жер қойнауын пайдалану лицензияларын рәсімдеу жеңілдетіліп, инфрақұрылым белсенді түрде тартылуда. Инвестор үшін «Дайын алаң – дайын мүмкіндік» қағидасы бойынша жұмыс істейтін екі ірі платформа бар. Бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы болса, екіншісі – «Saran» индустриялық аймағы.
Атаулы өндірістік хабтар инфрақұрылымы әлемдік стандартқа сай. Салықтық жеңілдіктер мен рұқсат рәсімдерін жеңілдету жолға қойылған. Инвестор тек идеясын алып келсе, жеткілікті. Қалған жайттардың бәрін мемлекет қамтамасыз етуге әзір. «Басты мақсат – кәсіпкерлерге кедергі болмау», – дейді басқарма басшысы.
Демек, құжаттан бастап зауытқа дейін толықтай қолдау бар. Өңірде инвестициялық климатты мейлінше жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, инвесторлар үшін толық сервистік қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда рұқсат құжаттарын рәсімдеуден бастап, визалық қолдау мен инвестициялық келісімшарттарға дейінгі барлық үдерістерге көмек көрсетіледі. Яғни, бизнес бастағысы келген адамға бюрократиялық кедергілер емес, дайын шешімдер ұсынылады.
– Нәтижесі – көз алдыңызда. Аймақта іскерлік белсенділік артып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны еселеп өсуде. Жаңа жобалар іске қосылып, өңірдің экономикалық картасы жаңа нысандармен толығуда. Қазірдің өзінде Samsung тұрмыстық техникасын шығаратын өндіріс орны, сан түрлі зауыттар «Рамадан» сүт-тауар фермасы, «Норма» супермаркеті сынды маңызды нысандар қолданысқа берілді. Алда металлургия мен энергетика саласында жаңа серпін сезіле түспек. Жыл соңына дейін бірқатар ірі өндіріс іске қосылмақ. Жетелі жобалардың барлығы облыс әкімдігінің тікелей бақылауында, яғни, инвестиция тарту мәселесі – стратегиялық басымдық ретінде бағамдалып отыр, – деді спикер.
Ауыл шаруашылығы саласында тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбековтің мәлімдеуінше, биылғы жылдың шілде айында «Евразия Инвест ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 1200 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы фермасының бірінші кезеңін салу жобасы қаржыландырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, заманауи технологияларға сай қажетті жабдықтарды сатып алу және ірі қара малын жеткізу бойынша бірқатар келісімшарттар жасалуда. Жоба аясында тек өндірістік ғимараттар ғана емес, сонымен қатар, мал басына жайлы жағдай жасайтын инфрақұрылым да жете қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, заманауи ферма өңірдегі сүт өнімдері өндірісінің көлемін едәуір арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүлтіксіз мүмкіндік береді. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Жоба іске қосылған соң нысан облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне серпін беріп, ішкі нарықты сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатыны анық.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев инвестиция – өңірдің болашағына көрсетілген сенім, экономикалық өрлеудің берік негізі екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған стратегиялық міндеттерін мінсіз әрі мерзімінде орындау басты талап екенін қадап айтты. Облыс әкімі саладағы серпінді өсімді бәсеңдетуге жол жоқ екенін қаперге салып, барлық жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Инвестициялық белсенділік тоқтамайтын үрдіс, оны одан әрі үдету үшін барлық мүмкіндік пен ресурс бар екенін де алға тартты.
– Біз енді ілгері ғана жүруіміз керек. Инвесторға есік ашық, алаң дайын, инфрақұрылым қалыптасқан. Ендігі міндет – осы әлеуетті толық жүзеге асыру. Кәсіпкерге кедергі емес, серіктес болу – біздің басты ұстанымымыз, – деді өңір басшысы нық сеніммен.
Жиын барысы мен айтылған мәлімдемелерден өңірде инвестицияға бағытталған нақты әрі нәтижелі саясаттың жүйелі түрде жүзеге асып жатқаны аңғарылады. Соны үрдіс ертеңгі тұрақты даму мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі болмақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»