Жаңалықтар

Кәсіпкерге – бағыт, бизнеске – серпін

Облыстың кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер үшін маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті. «Іскерлік байланыстар» құралы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына арналған семинар офлайн форматта ұйымдастырылып, Zoom платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Жиынға өңірдің әр аудан, қаласынан елуге жуық кәсіпкер қатысып, өз ісін кеңейтуге бағытталған жаңа мүмкіндіктермен танысты. Бұл туралы облыстың кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыстың кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен

Палатаның шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова кездесуде «Іскерлік байланыстар» құралының басты мақсаты халықаралық кооперацияны дамыту және қазақстандық кәсіпкерлердің басқарушылық құзыреттерін арттыру екенін айтты.

– Бағдарламаға жылдық табысы кемінде 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайтын шағын және орта бизнес субъектілерінің жоғары және орта буын басшылары қатыса алады. Негізгі басымдық – шетелдік компаниялармен кооперация орнатуға және жаңа басқару тәжірибесін енгізуге дайын кәсіпкерлерге беріледі, – деді Меруерт Қасымова.

Бағдарлама аясында іріктеуден өткен кәсіпкерлер Германияда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл тәжірибе алмасу ғана емес, халықаралық нарыққа шығудың нақты қадамы.

Іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Өтінімдер Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы қабылданып, алдын ала сараптамадан кейін тағылымдамаға қатысушылар тізімі жасақталады.

– Германия тарапы визалық қолдау, тұру, тамақтану және тағылымдаманы ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алады. Ал, әуе билеттерін кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен алады. Сонымен қатар, жолға шығар алдында онлайн дайындық сабақтары қарастырылған, – деп нақтылады спикер.

Кездесудің екінші бөлігі «Бір ауыл – бір өнім» жобасына арналды. Бұл бас­тама жергілікті өндірісті қолдауға, өңірлік өнімді нарыққа шығаруға және ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба кәсіпкерлерге консультациялық сүйемелдеу, көрмелерге қатысу, өнімді ілгерілету және нарыққа шығару бағытында кешенді қолдау көрсетеді.

2023-2025 жылдар аралығында жоба аясында 50 кәсіпкер қатысып, 65 жаңа жұмыс орны ашылған. 24 миллион теңгеден астам грант қаражаты тартылып, 43 миллион теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл көрсеткіштер ауылдық бизнестің нақты нәтижеге жұмыс істей бастағанын айғақтайды.

Семинар барысында қатысушылар іріктеу талаптары, өтінім беру мерзімдері және құжаттар тізімі бойынша өз сұрақтарын қойды. Бағдарламаларға қатысу алгоритмі кезең-кезеңімен түсіндіріліп, кәсіпкерлерге практикалық нұсқаулықтар берілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай кездесулер кәсіпкерлерге тек ақпарат беріп қана қоймай, бизнесті жаңа деңгейге көтеруге бағыт-бағдар сілтейтінін атайды.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button