«Кәсіпкердің» көкжиегі кең
Қарағанды – көмірімен де, қарекетімен де тіршілік көшін алға сүйреп келе жатқан өңір. Бұл аймақта кеніштер мен комбинаттармен бірге, жаңаша ойлайтын, тәуекел етіп, іс бастаған кәсіпкерлердің де үні айқын естілуде. Осы белсенділікті қолдап, кәсіпке дем беру мақсатында іске қосылған «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы биыл да жемісін бере бастады.

2024 жылы өңдеу өнеркәсібі, көлік, туризм секілді түрлі салада 42 жоба қаржыландырылса, биылдың алғашқы төрт айында тағы жеті жоба жеңілдетілген несие түрінде қолдау тапты. Бағдарлама «Даму» қорымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Қарағандылық кәсіпкерлердің биыл қолдауға ие болған жеті жобасының ішінде өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, денсаулық сақтау, қонақүй және тамақтану қызметтері бар. Бұл – жай сандар ғана емес, ел ішіндегі сұранысқа сай құрылған нақты істер. Жалпы, бөлінген қаржы көлемі – 249 миллион теңге.
Облыстың кәсіпкерлік басқармасы берген мәліметке сүйенсек, экономиканың нақты секторында екі жоба, денсаулық сақтау саласында үш жоба, ал туризм мен қызмет көрсету бағытында екі жоба қаржыландырылған. Демек, бағдарлама – тек өндіріс қана емес, әлеуметтік маңызы бар салаларға да дем беріп отыр.
Облыстағы экономикалық құрылымның жартысына жуығын бүгінде шағын және орта бизнес құрап отыр. Статистикаға сенсек, аймақта 100 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл – 244 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтып отырған орасан жүйе. Қарапайым дүңгіршектен бастап, наубайхана, медициналық орталық, шағын цех, көлік логистикасы – бәрі де осы сектордың құрамдас бөлігі.
Облыс әкімдігі мен кәсіпкерлік басқармасы бұл бағытты стратегиялық арна деп танып, Бірыңғай кешенді бағдарламалар аясында да жүйелі қолдау көрсетіп отыр. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілге қоятын мүліктің жетіспеушілігіне байланысты мемлекет тарапынан кепілдік беру – осы құралдардың ең тиімділері ретінде кәсіпкерлердің жиі қолдануына ие.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 75 жаңа бизнес нысаны ашылып, облыс экономикасына серпін берді. Бұл – тек салық түсімі немесе жұмыс орны ғана емес, тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыруға арналған нақты қызмет. Осы аралықта өңірге 60,7 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл – негізгі капиталға салынған инвестицияның 37 пайызын құрап отыр.
Бұл деректердің әрқайсысы – өңірдегі экономикалық ахуалдың жақсарғанын көрсететін көрсеткіш емес, шынайы өмірден алынған белсенді істердің нәтижесі. Әсіресе ауыл-аймақтардағы жастар үшін кәсіпкерлік – жаңа мүмкіндік, өз ауылын өркендетудің жолы ретінде көрініс табуда.
Кәсіпкер болу – жай ғана іс бастаумен шектелмейді. Ол – жауапкершілік, табандылық, жаңашылдық. Бүгінгінің кәсіпкері тек пайда көруді емес, қоғамға пайдалы болуды, туған жерінің көркеюіне үлес қосуды көздейтін жаңа толқын.
Ал, сол толқынның алға басуы үшін мемлекет тарапынан берілетін осындай нақты қолдаулар ауадай қажет. «Кәсіпкер» бағдарламасы – соның айқын дәлелі.
Ендігі міндет – осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану, қолындағы қаражатын желге ұшыру емес, жұртқа пайдалы дүние өндіретін, қызмет көрсететін нағыз кәсіпке айналдыру. Ал мұндай кәсіп иесі – өңірдің тірегі, елдің берекесі. Қарағандыда кәсіпкерлікке қолдау бар.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»